Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «SARYARQA» телеарнасында «Ойөріс» зияткерлік телеойыны ұйымдастырылды.
18.05.2025 22:32:26
55
Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «SARYARQA» телеарнасында «Ойөріс» зияткерлік телеойыны ұйымдастырылды. Телеойынның мақсаты – тарихи тұлғаларды ұлықтау, көнерген сөздерді саралау, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын жаңғырту, жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу болып табылады. Төрт кезеңнен құралған тартысты додада облыс көлемінде әр сала бойынша мекеме қызметкерлері қатысып, сөз сайысында бақтарын сынайды. Телеойынға әр қатысушының қабілеттері мен сөз саптау шеберліктерін айқындайтын сарапшы тағайындалып, топтың жинаған ұпай сандары бойынша ойынға әділ бағасын бере отырып, төрелік етеді. Жыл бойы «Ойөріс» зияткерлік телеойыны ұйымдастырылып, 8 хабар түсірілетін болады.
Ағымдағы жылдың 15-16 сәуірінде Қарағанды қаласының мектеп мұғалімдері, мемлекеттік мекемелерден және университет оқытушыларынан құралған сегіз топ сайысқа түсіп, өз білімдерінен бақ сынады. Атап айтсақ, Қарағанды қаласының «№53 мектеп-лицейі» атынан «Тіл тұғыр» тобы мен «№65 ЖББМ» КММ атынан «Жасдәурен» тобы сынға түсіп, «Жасдаурен» тобы алға шықты, екінші түсірілімде «Әлихан Бөкейхан атындағы ЖББМ» КММ атынан «Тапқырлар» тобы мен Шахтинск қаласынан «Жарқын жол» тобы сайысқа түсіп, «Жарқын жол» тобы жеңіске жетті, үшінші түсірілімде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі» Қарағанды облысы бойынша департаменті атынан «Сұңқар» тобы мен «Қазақстан Республикасы ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы» атынан «Тіл мен тәртіп» тобы сайысқа түсіп, «Тіл мен тәртіп» тобы алға шықты, төртінші түсірілімде «Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті» атынан «Ұшқыр» тобы мен «Б.Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектебі» КММ атынан «Зерде» топтары сайысқа түсіп, «Ұшқыр» тобы жеңіске жетті.
Нәтижесінде жеңімпаз топтарға басқарма тарапынан дипломдар, алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды. «Ойөріс» зияткерлік телеойыны «SARYARQA» телеарнасында көрсетіледі, сонымен қатар, әлеуметтік желілерде жарияланады.