ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА ШҚО-ҒА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН БАРДЫ
18.05.2025 22:32:44 55
Бүгін Шығыс Қазақстан облысына Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жұмыс сапарымен келді. Сапар аясындағы алғашқы нысан — биыл 90 жылдық мерейтойын атап өтетін Өскемен жоғары медициналық колледжі болды.
Өз тарихында бұл колледж 55 мыңнан астам орта буын медицина мамандарын дайындап, еліміздің денсаулық сақтау саласына зор үлес қосты. Қазіргі таңда оқу орнында 2 390 студент алты мамандық бойынша білім алуда: мейіргер ісі, емдеу ісі, акушерлік іс, фармация, зертханалық диагностика және стоматология.
2023 жылы колледж студенттері үшін 460 орындық екі жаңа жатақхана салынды. Бұл оқушылардың білім алу және тұру жағдайларын айтарлықтай жақсартты. Студенттер өндірістік тәжірибені облыстағы медициналық мекемелерде өтуде, бұл өз кезегінде олардың кәсіби даярлығы мен жұмыспен қамтылуына оң әсер етуде.
Министр оқытушылармен және студенттермен кездесіп, орта медициналық қызметкерлердің беделін арттыру, білім беру бағдарламаларын жаңғырту және жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын талқылады. Бұл мәселелер Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялаған жағдайда ерекше мәнге ие.
«Сіздердің өмір жолдарыңыз енді басталды. Осы кезеңде сапалы білім алуға, мықты негіз қалыптастыруға барынша көңіл бөлу аса маңызды. Бұл – болашақ кәсіби табыстарыңыздың іргетасы», – деді Ақмарал Әлназарова студенттерге сәттілік тілей отырып.
Сапар барысында министр №2 қалалық емханасында болып, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің ұйымдастырылуымен танысты, жалпы практика дәрігерлерінің кабинеттерін аралап, медицина қызметкерлерімен тілдесті. Министр алғашқы көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырудың маңыздылығына тоқталды.
Жұмыс сапары Өскемен қаласындағы ірі инфрақұрылымдық нысан — болашақ Гематология орталығының құрылыс алаңында аяқталды. Жаңа заманауи кешен бірнеше мамандандырылған корпустардан тұрады және қан мен жүрек-қан тамыр ауруларын диагностикалау мен емдеуді қамтамасыз етеді. Министр Ақмарал Әлназарова мен ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов құрылыс алаңында жобаның іске асырылу барысын талқылады.
«Министрлік тарапынан барлық міндеттемелер орындалды — қажетті қаржыландыру қамтамасыз етілді, қаражат бөлінді. Ендігі міндет – мердігер ұйымның жұмысты уақытылы әрі сапалы аяқтауы. Бұл жобаның жүзеге асуы өңірде ғана емес, еліміз бойынша да мамандандырылған медициналық көмектің аясын кеңейтеді», — деді министр.
Жоба Денсаулық сақтау министрлігі мен ШҚО әкімдігінің ерекше бақылауында.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dkmfk-vko/press/news/details/974036?lang=kk