Қостанай облысында мектепке дейінгі білім беруді дамыту
18.05.2025 22:39:33 319
Мектепке дейінгі білім беру жүйесінің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі. Мемлекет басшысы атап өткендей, әр балаға қолайлы білім беру жағдайларын жасау қажет. Қостанай облысында жаңа балабақшалар салу, кезектілікті азайту және мектепке дейінгі білім беру саласына жеке инвестиция тарту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Балабақшалардағы кезектілікті азайту
Соңғы жылдары өңірде балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамтамасыз ету бағытында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Қазіргі уақытта:
• 2-6 жас аралығындағы балалардың 92%-ы мектепке дейінгі біліммен қамтылған,
• 3-6 жас аралығындағы балалардың 100%-ы балабақшаларға барады.
Қарқынды дамып келе жатқан аудандарда жаңа нысандардың салынуының арқасында мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығы біртіндеп азайып келеді.
Жаңа балабақшалардың құрылысы
2024 жылы облыста 1 000 орындық 7 жаңа балабақша ашылды. Құрылыс жұмыстары Қостанай мен Рудный қалаларында жалғасуда.
Қостанай қаласының Әуежай шағын ауданында 280 орындық балабақша салынуда. Қазіргі уақытта нысанның 70%-ы дайын, абаттандыру жұмыстары аяқталды, ішкі әрлеу, инженерлік желілер мен шатырды монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Балабақшаның пайдалануға берілуі осы шағын аудандағы кезектілікті 75%-ға, ал қала бойынша 10%-ға қысқартуға мүмкіндік береді.
Рудный қаласында жаңа балабақша құрылысы жалғасуда, бұл да аталған елді мекендегі орын тапшылығы мәселесін шешуге көмектеседі.
Сонымен қатар, Арқалық қаласында балабақша салуға арналған жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.
Жеке инвестицияларды тарту
Мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, жеке сектор да мектепке дейінгі ұйымдарды дамытуға белсенді түрде үлес қосуда. Биыл жеке инвестиция есебінен бірнеше жоба жүзеге асырылмақ:
• Қостанай қаласының Солтүстік-Батыс шағын ауданында «СарыарқаАвтоПром» компаниясы өз қаражаты есебінен балабақша салуды жоспарлап отыр.
• Береке шағын ауданында 280 орындық балабақша салу жөніндегі жобаны жеке инвесторлар қолға алмақ.
Сонымен қатар, жаңа көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында балабақшалар үшін арнайы орындар қарастырылатын болады. Бұл кезектілікті айтарлықтай төмендетіп, балалардың мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне жақын орналасуын қамтамасыз етеді.
Жұмыс жалғасуда
Мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамыту – өңірдің негізгі басымдықтарының бірі. Кешенді тәсілдің арқасында облыста мектепке дейінгі мекемелер саны артып, балалар үшін қолайлы жағдайлар жасалуда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/949961