«Аңызға айналған ұстаз» еске алу кеші

«Аңызға айналған ұстаз» еске алу кеші

20.05.2025 11:02:01 14511

2025 жылғы 14 мамырда А. С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында қазақ әдебиетін оқытуда өзіндік мектеп қалыптастырған дара педагог, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ұлт ұстазы Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның 80 жылдығына арналған «Аңызға айналған ұстаз» атты еске алу кеші өтті.

Көрермен назарына Қанипа Омарғалиқызының өмір жолы мен ұлт руханиятына сіңірген өлшеусіз еңбегі жайлы бейнематериалмен ұсынылды. Жүректерге жол тартқан бұл шара – тек еске алу ғана емес, кемел тұлғаға тағзым, парасат биігінен үн қату болды.

Кеш аясында Қанипа Омарғалиқызының шәкірт жүрегіне шырақ жаққан ұстаздық болмысы жайлы тағылымды естеліктер мен жүрекжарды лебіздер айтылды. Ұлт ұстазының ұлағатты жолы, әдебиетке қосқан үлесі мен жаңашыл әдістемелік мектебі жайында пайымды пікірлерімен:

Қазақстан Республикасының Жазушылар және журналистер одағының мүшесі, Катонқарағай ауданының Құрметті азаматы, 2007 ж. Шығыс Қазақстан облыстық Мәдениет басқармасы сыйлығының лауреаты Қаңтарбаев Әлібек Қалиұлына сөз берілді.

Ұлағатты ұстаздың көзін көрген, еңбегін бағалаған қаламгер ағаларымыздың бірі Ақанов Сағымбек, өз естеліктерімен бөлісіп, ұстаз бейнесін сан қырынан ашты.

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің филология ғылымдарының докторы, профессор, «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтының директоры - Картаева Айжан Маратбекқызы Хан апа жайында, оның ұстаздық жолы туралы сөз сөйледі.

Қанипа апайдың шәкірті Қуаныш Еркін ұстазы жайлы естелігімен бөлісіп, арнауын арнады. Әр айтылған сөз – Қанипа Омарғалиқызының рухына арналған құрмет пен тағзымның жарқын көрінісі болды.

Сонымен қатар, Қанипа апайдың туған сіңлілері Жаңыл апай, Бақыт апай және Бақытгүл Омарғалиқызы апайлары жайлы жүрекжарды сөз сөйлеп, отбасы, өскен ортасы, тұлғалық болмысынан сыр шертті.

Ақындар жыр арнап, әндер шырқалды. Шәкірт жүрегінен түлеген сағыныш пен сыйластық, әріптестердің құрметке толы лебізі – ұстаз рухына арналған шынайы алғыс іспетті өрілді.

Қанипа Бітібаеваның есімі – қазақ әдебиетін ұрпақ бойына сіңірудегі жаңашылдық пен жанкештіліктің символы. Ол – оқытушы ғана емес, әдебиетпен тыныстаған, шәкірт жүрегіне шырақ жаққан шамшырақ еді. Оның ұстаздық болмысы – әдебиетпен өрілген тағдыр, жүректерге сәуле сыйлаған шынайы шырақ екені тағы бір мәрте дәлелденді.

Кеш соңында Жамбыл атындағы гимназия оқушылары Қанипа Бітібаеваға арналған Серік Ғабдуллаұлының «Алтын адам» атты тебіреністі жырын ерекше ықыласпен оқып, ұстаз рухына деген мәңгілік тағзымды жүрекпен жеткізді. Шәкірт үні мен ақын сөзі үндесе өріліп, тыңдарманды толғаныс пен тағзымға бөлеп, кеш пердесін рухты жырмен жапты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-cultura-arhiv/press/news/details/995974?lang=kk