Сеулде Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды
28.05.2025 20:45:24 16289
Сеул, 11 қараша 2025 – Корея Сауда-өнеркәсіп палатасында «K-Global Leap Forwarding – Central Asia Edition» форумы аясында Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Іс-шараны Корея Республикасының Шағын және орта бизнес және стартаптар министрлігі, Корея Сауда-өнеркәсіп палатасы жәрдемімен Shinhan банкі ұйымдастырды.
Форумның мақсаты – Корея Республикасы мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы бизнес-серіктестікті нығайту, сауда мүмкіндіктерін кеңейту және инновациялық шешімдерді ілгерілету. Іс-шара экономикалық ынтымақтастықты күшейтуге, тәжірибе алмасуға және бизнес қауымдастықтар арасында тікелей байланыстар орнатуға арналған маңызды алаң болды.
Іс-шараның ашылу салтанатында Қазақстанның Кореядағы Елшісі Нұрғали Арыстанов Қазақстанның қарқынды дамуын және елдің инвестицияға ашық екенін атап өтті. Оның айтуынша, Корея Республикасы тікелей шетелдік инвестициялар көлемі бойынша 2024 жылғы қорытынды бойынша Қазақстандағы үш ірі инвестордың қатарына кіреді. Сондай-ақ ел аумағында корей капиталының қатысуымен 894-тен астам компания, оның ішінде қаржы институттары табысты қызмет жүргізуде.
Қазақ дипломаты Қазақстанда цифрлық трансформация саясаты жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын және инновациялар, жасанды интеллект, өнеркәсіп, инфрақұрылым және «ақылды қалалар» салаларында Кореямен серіктестік белсенді дамып келе жатқанын атап өтті. Ол «C5+K» саммиті мен саяси диалог өзара инвестицияларды ұлғайту және экономикалық серіктестікті кеңейту үшін қолайлы жағдайлар жасайтынын айтты.
Қазақстан-Корея ынтымақтастығының соңғы табысты мысалдарына KIA компаниясының автомобиль құрастыру зауытының іске қосылуы (жаппай өндіріс басталды), Open Healthcare компаниясының Алматыда корей диагностикалық орталығын ашуды қоса алғанда, медицина саласындағы жобалары, сондай-ақ Samsung Electronics компаниясының 2025 жылғы тамыз айында Қазақстанда смарт-телевизорлар мен кір жуғыш машиналар өндірісін іске қосуы жатады. Бұл корей бизнесінің Қазақстанның инвестициялық ахуалына жоғары сенімін көрсетеді.
Елші сондай-ақ Корея Республикасы Қазақстанның сауда серіктестері арасында 10-орында тұрғанын, бұл екі ел арасындағы экономикалық өзара іс-қимылдың зор әлеуетін білдіретінін атап өтті.
Shinhan банкінің Жаhандық бизнес тобының басшысы Со Сын Хён Корея компаниялары үшін Орталық Азияның аса перспективалы бағыттардың бірі екенін, әсіресе энергетика, инфрақұрылым және цифрлық индустрия салаларында зор мүмкіндік бар екенін атап өтті.
Кореядағы «Kazakh Invest» АҚ өкілі Дәулет Сақтағанов қатысушыларға Қазақстан ұсынатын негізгі инвестициялық мүмкіндіктер мен преференциялар туралы хабарлап, корей компанияларын Қазақстанға инвестиция салуға шақырды.
Форум Орталық Азия нарықтарына шығу мүмкіндіктеріне арналған тақырыптық сессиялар және консультациялармен аяқталды. Форум қорытындылары бойынша корей компаниялары ынтымақтастықты тереңдетуге қызығушылық танытып, бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-seoul/press/news/details/1105121?lang=kk