Бүгін Астанада қазіргі заманғы өзекті мәселелерді талқылайтын басты халықаралық алаң – Astana International Forum (AIF) өз жұмысын бастады
02.06.2025 20:52:15 737
Форумды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ашты.
Astana International Forum – бұл жоғары деңгейдегі бірегей халықаралық шара. Форум мемлекет басшыларын, халықаралық ұйымдар, бизнес, ғылым және азаматтық қоғам өкілдерін ең маңызды жаһандық мәселелер бойынша ашық диалог жүргізу үшін біріктірді. Геосаяси шиеленістің күшеюі, климаттың қарқынды өзгеруі мен жаһандық экономиканың трансформациясы жағдайында, форум «Connecting Minds, Shaping the Future» («Ойларды біріктіру – болашақты қалыптастыру») ұранымен өткізіліп, бірлескен шешімдер мен жаңа мүмкіндіктерді іздеудің кеңістігіне айналды.
Биыл форумға 70-тен астам елден делегациялар қатысады – олардың қатарында БҰҰ, Дүниежүзілік банк, ХВҚ, ДСҰ, Еуропалық одақ өкілдері, сондай-ақ Орталық Азия, Еуропа, Таяу Шығыс, Азия мен Солтүстік Америка елдерінің өкілдері бар. Спикерлер қатарында мемлекет басшылары, министрлер, жетекші экономистер, трансұлттық корпорациялардың басшылары, зерттеушілер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері болады.
Шетелден 5 мыңнан астам қонақ келді. Олардың қатарында форум қатысушылары, делегация басшылары, компания жетекшілері, еріп жүрген тұлғалар және 100-ден астам шетелдік БАҚ журналисі бар.
Форум туралы толық ақпаратты және оған қатысу мүмкіндіктерін ресми сайттан алуға болады: https://www.astanainternationalforum.org/

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-uir/press/news/details/1010150?lang=kk