Қазақстан мен Мажарстан өнеркәсіптік ынтымақтастықты талқылауда: "Hajdu" компаниясымен кездесу
04.06.2025 08:01:37 638
Будапешт, 2025 жылғы 29 мамыр — Қазақстанның Елшілігінде Мажарстанның жетекші машина жасау компанияларының бірі «Hajdu Hajdúsági Ipari Zrt.»-нің өкілі др. Дьюрко Тюнде ханыммен кездесу өтті.
Кездесу барысында Қазақстан мен Мажарстан арасындағы өнеркәсіптік кооперацияның келешегі, соның ішінде сауда ынтымақтастығын дамыту және Hajdu компаниясының өндірістік қызметінің бір бөлігін Қазақстанда орналастыру мүмкіндігі талқыланды.
Қазақстан Елшісі өңдеуші өнеркәсіп, оның ішінде машина жасау мен инженерлік жабдықтар өндірісі елдің индустриялық дамуының басым бағыттарының бірі болып табылатынын атап өтті. Қазақстан технологиялық даму жолын ұстанып, қазіргі заманғы құзыреттері бар халықаралық компаниялармен ынтымақтастыққа ашық екенін жеткізді.
«Қазақстан өндірістік әріптестік пен технологиялық трансферге ашық. Біз Hajdu компаниясының елімізге деген қызығушылығын жоғары бағалаймыз және бірлесіп өзара тиімді жобаларды жүзеге асыратынымызға сенімдіміз», — деп атап өтті Елші.
Қазақстан тарапынан инвестициялық ахуалдың негізгі аспектілері ұсынылды: шетелдік компанияларды қолдау шаралары, инфрақұрылымдық алаңдардың қолжетімділігі, тұрақты нормативтік орта және өңірлік нарықтарға шығу әлеуеті. Инвесторларға Kazakh Invest тарапынан ұсынылатын институционалдық сүйемелдеу тетіктері де ерекше атап өтілді.
Др. Дьюрко Тюнде қонақжайлық көрсеткені үшін алғыс білдіріп, компанияның ынтымақтастықты кеңейтуге деген қызығушылығын білдірді. Сондай-ақ ол жақын арада Hajdu компаниясының өкілдерінің Қазақстанға сапары жоспарланып отырғанын, онда неғұрлым егжей-тегжейлі келіссөздер жүргізіліп, елдегі қатысудың ықтимал нысандары қарастырылатынын растады.
Кездесу қорытындысында тараптар бейінді құрылымдар мен әлеуетті серіктестердің қатысуымен жұмыс консультацияларын жалғастыруға келісті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1011109?lang=kk