Ұйғыр ауданында медициналық нысандар құрылысына бақылау күшейтілді

Ұйғыр ауданында медициналық нысандар құрылысына бақылау күшейтілді

09.06.2025 09:01:01 143

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Ұйғыр ауданындағы медициналық мекемелер құрылысы барысында мониторинг кезінде тіркелген фактілерге жан-жақты тексеру жүргізуді тапсырды. Зерделеу нәтижелері бойынша материалдар тиісті органдарға жолданатын болады. Өңір басшысы әлеуметтік жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде құрылыс стандарттарын қатаң сақтау мен ашықтықты қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Мониторинг Алматы облыстық мәслихатының депутаттары тарапынан Кіші Дихан, Дардамты, Ақтам, Тиірмен және Ават ауылдарында жүргізілді. Бұл елді мекендерде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында дәрігерлік амбулаториялар салынуда.

— "Нысандарда жұмыс өте баяу жүріп жатыр, ал сапасы белгіленген талаптарға сәйкес келмейді. Соның ішінде – Ұйғыр ауданындағы Ақтам ауылындағы дәрігерлік амбулатория", – деді облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев.

Ақтам ауылында құрылыс кестеден едәуір артта қалуда. Жобалық шешімдерден ауытқушылықтар анықталған: терезелер дұрыс орнатылмаған, сыртқы сылақтың қалыңдығы нормадан асып кеткен, жер үсті суларымен және септикке жақын орналасуымен байланысты қауіптер бар. Сонымен қатар, нысан әлі күнге дейін денсаулық сақтау жүйесінің балансына берілмеген, бұл оның толық пайдаланылуына кедергі келтіруде.

Кіші Дихан ауылында амбулатория ғимараты бұрынғы нысаннан төмен деңгейде салынған, бұл еріген және жауын-шашын суларымен басып қалу қаупін тудырады. Су бұру жүйесі бұзылған, тротуар плиткасы жобадан жоғары төселген, бұл іргетастың тұрақтылығына әсер етуі мүмкін. Дардамтыда ішкі және сыртқы әрлеуде көптеген ақаулар, инженерлік желілердегі кемшіліктер мен іргетасты толық жылытпау фактілері тіркелген.

Тиірменде әрлеу жұмыстары сапасыз материалдармен жүргізілген, линолеум мен плитканың төсеу деңгейі бұзылған, баспалдақтарда тұтқалар жоқ. Ават ауылында абаттандыру жұмыстары аяқталмаған, кәріз жүйесі желдеткішпен жабдықталмаған, электрмен және сумен жабдықтау бойынша заңбұзушылықтар анықталған.

Тексеру қорытындысы бойынша депутаттар салалық басқармалар мен мердігер ұйымдарға нақты ұсынымдар берді. Ерекше назар жобалық-сметалық құжаттаманы жетілдіруге, заңбұзушылықтарды жоюға және сапаны бақылауды күшейтуге аударылды.

Ұйғыр ауданының әкімдігі жағдайды ерекше бақылауға алды. Қазіргі таңда құрылыс мерзімдерін нақтылау, инженерлік шешімдерді қайта қарау және нысандардың қолданыстағы құрылыс нормаларына сәйкестігін қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

"Медициналық нысандардың құрылыс сапасын және аяқталу мерзімін қамтамасыз ету – халықтың медициналық қызметтерге қолжетімділігімен тікелей байланысты басты міндет. Барлық жауапты тараптар заңнама мен стандарттар аясында қатаң жұмыс істеуі тиіс", – деді Марат Сұлтанғазиев.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1013498?lang=kk