Облыс әкімі өз міндеттемелерін орындамаған мердігерлерге қатысты шара қолдануды тапсырды
09.06.2025 09:01:06 110
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев құрылыс және мердігерлік жұмыстардың сапасыз орындалуына қатысты материалдарды құқық қорғау органдарына жолдауды тапсырды. Мұндай шешімге маслихат депутаттарының Кеген ауданында жүргізген мониторингінің нәтижелері негіз болды.
Естеріңізге сала кетейік, депутаттар құрылыс жұмыстарының сапасына, жобалық-сметалық құжаттаманың сәйкестігіне, сондай-ақ техникалық және авторлық қадағалаудың ұйымдастырылуына қатысты бірқатар сұрақтар көтерді.
– Атап айтқанда, екі нысан пайдалануға берілгенімен, құрылыс кезінде орын алған бұзушылықтарға байланысты олар белгіленген талаптарға сай емес: Кіші Қарқара ауылындағы медициналық пункт апатты деп танылды, ал Кеген ауылындағы «Балауса» балабақшасы тек 50 % қуаттылықпен ғана жұмыс істеп тұр, – деді Алматы облыстық маслихатының төрағасы Қуат Байғожаев.
Мониторинг нәтижесі 2013 жылы пайдалануға берілген 280 орындық балабақшаның бүгінгі күні толыққанды жұмыс істемейтінін көрсетті. Топырақтың қозғалуына байланысты нысанның бір блогы жарамсыз деп танылған. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірлену сатысында, алайда жөндеу жұмыстарына бюджеттен қаржы қарастырылмаған.
Депутаттар сұрақтары 2018 жылы салынған Шырғанақ ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктке де қатысты. Бұл ФАП пайдалануға берілгенімен, қабылдау актісінің болмауына байланысты әлі күнге дейін денсаулық сақтау жүйесінде тіркелмеген. Ғимараттың қабырғаларында жарықтар анықталған. Аталған мәселені шешу үшін техникалық сараптама жүргізу қажет.
Сондай-ақ депутаттар Жалаңаш ауылындағы Мәдениет үйінің құрылысы, өрт сөндіру депосының құрылыс кестесінен кешігуі, аудандағы суару жүйелерін қайта жаңарту жұмыстарының баяу жүруі бойынша да проблемаларды тіркеді.
– Төрт инфрақұрылымдық нысанда мердігерлер тарапынан жұмыстар өте баяу жүргізілуде, әрі олардың сапасы талаптарға сай емес екені анықталды. Олардың қатарында Кеген ауданындағы Торайғыр және Көпалы арналары бар, – деп мәлімдеді Қуат Байғожаев.
Белгілі болғандай, Жалаңаш ауылдық округінде 12 құдықты қайта жаңғырту және құбырлар тарту жобасы аясында жоспарланған жұмыстың тек 25 % ғана орындалған. Қазіргі уақытта жоба жүзеге асыру тоқтатылған. Жобалық-сметалық құжаттама қайта қаралып, қайта сараптамадан өтуде. Инспекция құбырлар жобадан ауытқумен төселгенін, гидрооқшаулаудың жоқтығын және техникалық әрі авторлық қадағалаудың іс жүзінде жүргізілмегенін анықтады.
Кеген ауданында қайта жаңғыртуға жоспарланған жалпы құны 8 миллиард теңгеден асатын магистральды суару арналарының тек 31 шақырымы ғана салынған. Қарқара ауылынан басталатын «Мөнкебай» каналының құрылысы қаржыландыру тапшылығына байланысты айтарлықтай кешігіп жатыр. Мердігер ұйым жұмысын өз қаражаты есебінен жалғастыруда.
Мониторинг қорытындысы бойынша маслихат депутаттары бұл мәселелерді облыстық деңгейде қарастырып, жауапты мемлекеттік органдар тарапынан нақты шаралар қабылдауды ұсынды.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев маслихат депутаттары ұсынған сапасыз құрылыс және мердігерлік жұмыстарға қатысты материалдарды жан-жақты зерделеп, оларды тиісті құқық қорғау органдарына жолдауды тапсырды. Сонымен қатар өңір басшысы облыс аумағында жүзеге асырылып жатқан нысандарға тиісті бақылау жүргізбегені үшін Құрылыс басқармасының басшысына тәртіптік шара қолдануды тапсырды.
– Маслихат депутаттарының жұмыс сапарлары барысында түскен материалдар құрылыс нысандарындағы кемшіліктерді дер кезінде анықтап, оларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Бұл – халықтың пікірін ескеріп, негізделген басқарушылық шешімдер қабылдауға ықпал ететін кері байланыстың маңызды тетігі, – деді Сұлтанғазиев.
Ол «азаматтар сапасыз құрылыс немесе жауапсыз мердігерлер туралы алдын ала білуі керек. Бұл – тек ашықтық мәселесі емес, бұл – қоғам алдындағы сенім мен әлеуметтік жауапкершілік мәселесі. Бюджеттен бөлінген әрбір теңге сапалы нәтижемен дәлелденуі тиіс, ал азаматтар өз пікірлерінің ескерілетініне және құрметтелетініне көз жеткізуі қажет. Тек осы жолмен ғана қоғамдық бақылау жүйесін тиімді құрып, барлық қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға болады», – деп атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1013490?lang=kk