Әскери-теңіз күштерінің әскери қызметшісі самбодан Қазақстан чемпионатының жүлдегері атанды

Әскери-теңіз күштерінің әскери қызметшісі самбодан Қазақстан чемпионатының жүлдегері атанды

09.06.2025 17:52:19 99

Әскери-теңіз күштері әскери-теңіз базасы материалдық-техникалық қамтамасыз ету батальонының өрттен қорғау және құтқару жұмыстары командасының өрт сөндіруші-құтқарушысы аға матрос Асылхан Әдиев Ақтауда өткен чемпионатта күміс медаль еншіледі.

Әскери теңізші Асылхан Әдиев 23 жасқа дейінгі жастар арасында спорттық және жауынгерлік самбодан Қазақстан Республикасының чемпионатында күміс жүлде олжалап, теңдессіз балуан Саламатұлы Қаралда атындағы жүлденің иегері атанды.

Боз кілемдегі жекпе-жекте еліміздің бар өңірінің атынан 200 спортшы шықты. Аға матрос Асылхан Әдиев өнер көрсеткен 71 келіге дейінгі салмақта 25 спортшы бағын сынады.

– Спорт – нағыз Отан қорғаушы тәрбиелеудің маңызды элементі, – деп атап өтті А. Әдиев. – Менің міндетім самбоны насихаттау ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның Әскери-теңіз күштерін халықаралық аренада таныту деп білемін.

Спорт шеберіне үміткер Асылхан Әдиев 7 жасында дзюдо мен самбомен айналысқанын айта кетелік. Отбасында спортқа деген қызығушылық бұрыннан бар: атасы Әдиет қазақ күресімен айналысқан, ағасы Әлихан дзюдо мен самбодан жарыстарға қатысып жүр.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, спорттық және жауынгерлік самбодан өткен жастар біріншілігі – елімізде спорттың осы түрін дамыту кезеңі. Ақтаудағы жарыстар біздің спортшыларымыздың халықаралық деңгейдегі болашақ жеңістерінің басы болмақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1014094?lang=kk