Делиде қазақ-үнді инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды
09.06.2025 19:51:31 132Нью-Дели, 2025 жылғы 6 маусым – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Үндістанға жасаған ресми сапары аясында ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов Үндістанның ірі компанияларының өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізіп, Қазақстанда инвестициялық жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.
«Reliance Industries Limited» компаниясының халықаралық директоры Тапас Мондалмен өткен келіссөздер барысында Қазақстан аумағындағы стратегиялық бастамаларға компанияның қатысу мүмкіндіктері қаралды. Тараптар бірлескен жобаларды қолдауға арналған инвестициялық қор құру перспективасын және «Reliance» компаниясының Орталық Азиядағы ең ірі арнаулы экономикалық аймақ – Алатау қаласын дамытуға қатысу мүмкіндіктерін талқылады. Қазақстан тарапы барынша қолайлы жағдай мен мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуға дайын екенін жеткізді.
«Lilavati Hospital & Research Centre» өкілі Прашант Мехтамен кездесу барысында Қазақстанда көпсалалы аурухана салу жобасы талқыланды. Үнді тарапы жалпы инвестиция көлемі 30 млн АҚШ долларына дейін жететін, 100 төсек-орынға арналған заманауи медициналық орталық құруға қызығушылық танытты. Бұл жоба елдің денсаулық сақтау инфрақұрылымын едәуір күшейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жер телімдерін бөлу, салықтық жеңілдіктер мен инвесторлық визалар сияқты мемлекеттік қолдау тетіктері талқыланды.
«Ashok Leyland» компаниясының басшылығымен өткен кездесуде тараптар Қазақстанда автобустар мен жүк көліктерінің өндірісін жергіліктендіру мүмкіндіктерін талқылады. Орталық Азия мен ТМД нарықтарына экспорт әлеуеті бар құрастыру кәсіпорнын ашу жобасы ерекше қызығушылық тудырды. Үнді тарапы машина жасау саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін растады.
Кездесулердің қорытындысы бойынша пікір білдірген Ғ.Оспанқұлов: «Үндістан – Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі. Біз өзара қарым-қатынастарымызды саудадан бірлескен индустрияландыруға қарай жаңа деңгейге шығаруға мүдделіміз. Бүгін талқыланған жобалар денсаулық сақтау, көлік, энергетика және жаңа қалаларды дамыту сияқты аса маңызды салаларды қамтиды. ҚР СІМ Инвестициялар комитеті жобалаудан бастап іске қосу мен ауқымдауға дейінгі кезеңдерде инвесторларды толық сүйемелдеуге дайын», – деп атап өтті.
Қазақ тарапы көрсетілген қызығушылық үшін алғыс айтып, талқыланған бастамаларды іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталған конструктивті диалогты жалғастыруға әзірлік растады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1014177?lang=kk