Болашақ энергиясы: Қазақстан Елшісі «CoreComm Group» зауытына барды
15.06.2025 12:11:29 176
Веспрем, 2025 жылғы 10 маусым — Қазақстан Елшісі Абзал Сапарбекұлы күн энергетикасы мен маңызды инфрақұрылым нысандарын энергиямен қамтамасыз етуге арналған шешімдерді әзірлейтін және өндіретін жетекші мажар компанияларының бірі — «CoreComm Group» зауытына барды.
Сапар барысында Елші компанияның бас директоры Балаж Хорватпен келіссөздер жүргізіп, «CoreComm» технологияларын Қазақстанда жергіліктендіру мүмкіндіктері және жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласындағы жобаларға қатысу мәселелерін талқылады.
Абзал Сапарбекұлы Қазақстанның 2025 жылы энергетикалық көшу кезеңіне нақты қадам жасағанын атап өтті. Қазіргі таңда елде жалпы қуаты 3 ГВт-тан асатын 154 ЖЭК нысаны жұмыс істеп тұр. 2024 жылдың өзінде 7,6 млрд кВт·сағ жасыл энергия өндірілді. 2027 жылға дейін қосымша 6,7 ГВт қуат енгізу жоспарланған. Елдің стратегиялық мақсаты — 2030 жылға қарай ЖЭК үлесін 15%, ал 2050 жылға қарай кемінде 50% жеткізу.
Осыған байланысты Елші «CoreComm» компаниясын Қазақстанда құрастыру өндірісін немесе бірлескен кәсіпорын ашу мүмкіндігін қарастыруға және күн электр станцияларын салу бойынша аукциондарға қатысуға шақырды.
Сонымен қатар, мектептерді, медициналық мекемелерді және ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын энергиямен қамтамасыз етуге арналған модульдік күн жүйелері, энергия сақтау құрылғылары және үздіксіз қуатпен жабдықтау көздері (UPS) шешімдеріне ерекше қызығушылық танытылды.
«CoreComm» басшылығы Қазақстан нарығына шығу мүмкіндігін зерделеуге ниетті екенін білдіріп, елдегі инвестициялық ахуалдың тартымдылығын және ЖЭК-ке көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың жоғары деңгейін атап өтті.
Тараптар Kazakh Invest компаниясының үйлестіруімен жұмысты жалғастыруға, соның ішінде Қазақстанға сапар ұйымдастыру, инфрақұрылым мүмкіндіктерін бағалау және жобалық алаңдарды қарастыру туралы уағдаласты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1017581?lang=kk