Әріптестікке алғашқы қадам: Мажарстанда қазақстандық балдың әлеуеті таныстырылды
15.06.2025 12:23:39 187
Дунавaршань 2025 жылғы 12 маусым — Қазақстан Елшісі Абзал Сапарбекұлы Мажарстандағы жетекші «Aranynektár Kft» компаниясына барып, басқарушы директоры Вароши Иштванмен кездесті. Кездесуде Қазақстанда жоғары сапалы балды бірлесіп өндіру және экспорттық арналарды дамыту мүмкіндігі талқыланды.
Мажарстан жыл сайын шамамен 25–30 мың тонна бал өндіреді және өндіріс көлемі бойынша Еуропалық Одақтағы үздік бес елдің қатарына кіреді. «Aranynektár Kft» — елдегі балды қайта өңдейтін және экспорттайтын жетекші компаниялардың бірі. Компания жылына 4 000 тоннаға дейін балды өңдей алатын өндірістік қуаттылыққа ие және өнімдерін ЕО, Таяу Шығыс пен Азия нарықтарына жеткізеді.
Қазақстан тарапы балды ел ішінде өндіріп, қайта өңдеу және кейін Еуропаға, Парсы шығанағы елдеріне және Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарына экспорттау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Қазақстан органикалық бал өндіруге қолайлы табиғи жағдайларға ие және жыл сайын 5 мың тоннадан астам бал өндіреді. 2025 жылдың басында Қазақстан Еуропалық Одақпен ветеринарлық сертификатқа қол жеткізіп, балды ЕО нарығына ресми түрде экспорттауға мүмкіндік алды.
Серіктестер үшін қызығушылық тудыратын ұсыныстардың қатарында: салықтық және кедендік жеңілдіктер, агроөнеркәсіптік аймақтарда дайын инфрақұрылым, сондай-ақ логистика мен энергиямен қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік қолдау шаралары бар.
Тараптар ықтимал ынтымақтастықты одан әрі талқылауға уағдаласты. «Aranynektár Kft» компаниясының Қазақстанға сапары мен жергілікті серіктестермен байланысын кеңейту жоспарланып отыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1017586?lang=kk