Қазақстан және MVM Group болашақ энергетика саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Қазақстан және MVM Group болашақ энергетика саласындағы ынтымақтастықты талқылады

25.06.2025 15:56:40 3960

2025 жылғы 20 маусым, Будапешт – Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігінде Елші Абзал Сапарбекұлы мен Мажарстанның жетекші энергетикалық компанияларының бірі – MVM Group компаниясының бас директоры Карой Матрай мырза арасында кездесу өтті.

Кездесу барысында тараптар энергетикалық әріптестікті тереңдету перспективаларын талқылап, MVM Group компаниясының 2024 жылғы қарашада Қазақстан Президентімен өткен дөңгелек үстелге қатысуы аясында басталған диалогты жалғастырды.

Ынтымақтастық бағыттары ретінде газ өндіру және қайта өңдеу, энергетикалық нысандарды жаңғырту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, халықаралық энергетикалық дәліздерге қосылу, сондай-ақ тәжірибе мен технологиялар алмасу мәселелері қарастырылды.

Елші Қазақстанда атом электр станциясын салуға дайындық аясында MVM EGI компаниясы ұсынатын құрғақ салқындату технологиясын зерттеу жұмыстары жүріп жатқанын атап өтті. Жобаның негізгі қатысушылары анықталып, үдеріс белсенді кезеңге көшкені айтылды.

Тараптар техникалық делегациялар мен сарапшылардың өзара сапарларын, сондай-ақ қазақстандық мамандарды MVM Group базасында оқыту мүмкіндігін талқылады.

Мажар тарапы ынтымақтастыққа жоғары қызығушылық білдіріп, Қазақстанның салалық құрылымдарымен әрі қарай өзара іс-қимыл жасауға дайын екенін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1021610?lang=kk