Қазақстан ITF-пен бірлескен жобаларды әрі қарай жүзеге асыруға мүдделі
25.06.2025 18:00:42 1199
Любляна, 2025 жылғы 23 маусым – Қазақстанның Словениядағы Елшісі Данияр Сарекенов ITF Enhancing Human Security ұйымының директоры Томаж Ловренчичпен кездесті.
ITF Enhancing Human Security – 1998 жылы Словения үкіметі тарапынан құрылған халықаралық гуманитарлық коммерциялық емес ұйым. Ұйымның негізгі қызмет бағыттары – миналарды жою, қарсы жаяу әскер миналарының құрбандарына көмек көрсету, мерзімі өткен артық қаруларды қысқарту және оқ-дәрілерді сақтау мен басқару. Ұйым Еуропа, Таяу Шығыс, Орталық Азия, Оңтүстік Америка және Африка елдерінде жобалар жүзеге асырды. Қазақстанға ITF ескірген оқ-дәрілерді қауіпсіз жою және утилизациялау бойынша эксперттік және техникалық көмек көрсетуде.
Кездесу барысында тараптар тәжірибе алмасу, халықаралық стандарттарды енгізу және Қазақстандағы жобаларды жүзеге асыруда инновациялық шешімдерді қолдану бойынша ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.
Қазақстан Елшісі ITF-тің қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі елеулі үлесін атап өтіп, ұйымның еліміздегі қызметін әрі қарай кеңейтудің маңыздылығын айтты.
ITF директоры Т.Ловренчич Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін білдіріп, ұйымның әлемнің 30 елінде 3 100-ден астам жобаны сәтті жүзеге асырғанын айтты және қауіп-қатерді азайту үшін күш біріктірудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Тараптар диалогты жалғастыруға және азаматтық халықтың қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндігін зерделеуге келісті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-ljubljana/press/news/details/1022763?lang=kk