Қазақстан мен Ливанның іскерлік байланыстар нығаюда
30.06.2025 12:21:27 176
27 маусымда Қазақстанның Ливандағы Елшісі Расул Жұмалы осы елдің Халықаралық сауда палатасының Президенті Уаджих Бизримен кездесті. Сұхбат барысында Ливанда және түгелдей Таяу Шығыста саяси ахуалдың біртіндеп тұрақталуы осындағы іскерлік белсенділікке оң серпін беретініне үміт артылды. Бұл ретте тараптар Ливан мен Қазақстанның да түрлі салаларда өзара тиімді ынтымақтастықты нығайта алатыны алға тартылды. Уаджих Бизри Қазақстанның әсіресе сауда-саттық, инвестициялар, туризм, көліктік логистика салаларында маңызды серіктес болуға қабілетті екендігін атап өтті. Сондай-ақ оның сөзінше Қазақ елінің Орталық Азияда елеулі рөлі мен Шығыс пен Батысты байланыстырушы транзиттік бағыт екендігі үлкен қызығушылық тудырады. Өз кезегінде ливандық кәсіпкерлердің Африкада және Парсы шығанағындағы дәстүрлі ықпалы екіжақты ықпалдастыққа қосымша серпін тигізе алады. Тиісті әлеуетті ұтымды пайдалану үшін тараптар шарттық-құқықтық базаны жетілдіру, бірлескен форумдарды ұйымдастыру, қос мемлекеттегі кәсіпкерлік қауымдастықтар арасында тікелей байланыстар орнату сынды шараларды пысықтап нақты ұсыныстармен алмасты. Кездесуге Қазақстанның Ливандағы Құрметті консулы Уажди Малуф және бірқатар ливандық компанияның өкілдері қатысты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-beirut/press/news/details/1026642?lang=kk