Алматы облысында экотуризмді дамыту – болашаққа бағытталған стратегия

Алматы облысында экотуризмді дамыту – болашаққа бағытталған стратегия

03.07.2025 15:22:37 143

Экотуризмді дамыту – Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық өсу стратегиясындағы басым бағыттардың бірі. Өңірдің табиғи ландшафттарының алуан түрлілігі, экологиялық таза аймақтары мен бай мәдени мұрасы туристер үшін тартымды орта қалыптастырып отыр.

Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Капшагай су қоймасы, Түрген, Ой-Қарағай, Ақбұлақ курорттары, Арасан шипажай аймағы, «Іле-Алатау» және «Шарын» ұлттық парктері секілді нысандар Алматы облысын экотуризмнің орталығына айналдырып келеді. Жақында ғана пайдалануға берілген «Sokol» автодромы мен ASP Arena спорт кешені де өңірдің туризм әлеуетін арттыра түсті.

Туристер ағыны мен инфрақұрылымның өсуі

Алматы облысы ішкі және шетелдік туристер арасында Қазақстандағы ең көп баратын үш өңірдің қатарына кіреді. Мұны соңғы жылдардағы көрсеткіштер дәлелдейді:

  • 2022 жылы өңірге 145 486 турист келген, 234 орналастыру нысаны қызмет көрсеткен;

  • 2023 жылы туристер саны 177 418 адамға дейін өсіп, 251 нысан жұмыс істеген;

  • 2024 жылы бұл көрсеткіш 215 826 адамға жетіп, орналастыру нысандары 270-ке дейін артқан;

  • 2025 жылдың алғашқы тоқсанында 161 548 турист қабылданып, 15 451 төсек-орын ұсынылған.

Қазіргі таңда облыста 10-нан астам бірегей туристік орын мен табиғи және мәдени ерекшеліктер ескерілген 38 бағыт жұмыс істейді.

Маркетинг және халықаралық деңгейде танылу

Экотуризмді дамытуда өңірлік маркетингтің рөлі зор. Алматы облысының Туризм басқармасы шетелдік блогерлермен, БАҚ-пен және халықаралық ұйымдармен тығыз ынтымақтастық орнатқан. 2025 жылы өңірге атақты фотограф Джимми Нельсон келіп, ал танымал тревел-блогер Toataima үшін арнайы тур ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, Travel+Leisure журналының Орталық Азияға арналған алғашқы санында Алматы облысы табиғаты туралы мақала жарияланды. Облыс Tripadvisor платформасында ұсынылған, Қытай мен Оңтүстік Кореяда жарнамалық науқандар жүргізілуде. Сонымен қатар, өңір ITB Shanghai (Қытай) және IFTM Top Resa (Франция) сияқты беделді халықаралық туристік көрмелерге қатысуда.

Оқиғалық және спорттық туризм

Алматы облысы оқиғалық туризмнің орталығына айналуда. Бұған дәлел ретінде Tengri Ultra, Oceanman, Ұлы Дала Жорығы сияқты халықаралық жарыстарды, сондай-ақ Орталық Азиядағы ең ірі мотошеруді айтуға болады. Тамыз айында 30 мыңнан астам адамды тартатын ірі рок-фестиваль өтеді деп күтілуде. Биыл алғаш рет Ұйғыр ауданында абрикос фестивалі ұйымдастырылды. Бұл шара алдағы уақытта агротуризмнің жарқын брендіне айналады деп жоспарлануда.

Ірі жобалар мен инвестициялар

Облыс халықаралық инвесторлармен және шетелдік дипломатиялық өкілдіктермен тығыз жұмыс жүргізуде. Негізгі жобалар қатарында:

  • Oi-Qaragai курортын 105 гектардан 1000 гектарға дейін кеңейту (2028 жылға дейін 1200 жұмыс орны);

  • «Шарын» және «Іле-Алатау» ұлттық парктерінде визит-орталықтардың ашылуы;

  • ASP Arena спорт кешені (300 жұмыс орны);

  • «Sokol» автодромы (500 жұмыс орны);

  • Ұлттық парктерде инфрақұрылымды дамытуға 170 млн теңге бөлінді;

  • «Алатау аманаты» экспедициялық жобасы аясында 1000 шақырым туристік бағыттар, этноауылдар, демалыс аймақтары, жабдықтар жалға беру пункттері және визит-орталықтар іске қосылады.

Болашаққа көзқарас: тұрақты туризм мен тау кластері

2028 жылға дейін өңірде бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда:

  • Ой-Қарағай курортын кеңейту;

  • Қара шатқалда шыны көпір салу;

  • Қонаев қаласында аквапарк пен қонақүйлер салу;

  • Есік көліндегі бөгетті қайта жаңғырту;

  • Көлсай көлдерін байланыстыратын аспалы жолдарды іске қосу (Bartholet компаниясымен бірлесіп).

Сонымен қатар, Алатау тау кластерін дамыту қолға алынған. Бұл жоба аясында экокемпингтер, автокараванинг аймақтары, тау және су бағыттары құрылмақ. Барлық жұмыс экологиялық тепе-теңдікті сақтай отырып жүргізіледі.

Қорытынды

Экотуризм – бұл экономикаға серпін беретін, өңірдің халықаралық беделін арттыратын әрі болашақ ұрпаққа табиғи мұраны сақтауға бағытталған маңызды сала. 2024 жылы Алматы облысына келген туристер саны 2 миллион адамнан асты – бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1,3 есе көп.

Жүйелі жұмыс пен халықаралық әріптестіктің нәтижесінде Алматы облысы жаһандық туристік картада өз орнын нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуда және өңірдің әлеуетін барынша тиімді пайдалануда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1029120?lang=kk