Қазақстан мен Пәкістан медиа қауымдастықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда
04.07.2025 15:50:56 220
Исламабад, 2025 жылғы 2 шілде – Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин Пәкістан Ислам Республикасының Ақпарат және телерадио хабарларын тарату жөніндегі Федералды Министрі Атаулла Тарармен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы мен келешегін талқылады.
Елші Е.Қыстафин Қазақстан мен Пәкістан арасындағы ақпараттық вакуумды жою мақсатында медиа қауымдастықтар арасындағы өзара іс-қимыл орнатудың маңыздылығын атап өтті. Осы орайда, екі елдің жетекші телеарналары мен баспа БАҚ-тарының арасында тікелей байланыс орнатып, елордалары аумағында тілшілік кеңселер ашуға мүдделілік білдірді.
Кездесу барысында Елші 2025 жылғы 29 сәуірде Исламабад қаласында өткен Қазақстан-Пәкістан бірлескен үкіметаралық комиссиясының 13-отырысының, сондай-ақ Карачи қаласында ұйымдастырылған бизнес-форумның қорытындылары туралы ақпарат беріп, оның шеңберінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ПИР Ақпарат және телерадио хабарларын тарату министрлігі арасында ақпарат саласындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын атап өтті.
Федералды Министр А.Тарар Пәкістан тарапының Қазақстанмен ақпарат саласындағы өзара іс-қимылды жандандыруға қызығушылығын растап, бұл бағытта бірлескен телевизиялық жобалар құрудың маңыздылығын және екі ел арасындағы ынтымақтастықты нақты мазмұнмен толықтыру қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге, бірқатар нақты бастамаларды ортаға салды.
Елші ұлттық ақпарат агенттігі «Associated Press of Pakistan» (APP) бас директоры Мұхаммад Асим Кхичимен де кездесу өткізіп, APP мен қазақстандық серіктестер арасындағы ықтимал ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Тараптар жаңалықтар контентімен алмасу ісін жандандыру бойынша уағдаластыққа қол жеткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-islamabad/press/news/details/1029977?lang=kk