Катардың Қазақстанға салған инвестициясы $9-дан $156 млн-ға, 18 еседей өсті
04.07.2025 16:31:53 110Астанада Қазақстан Республикасы мен Катар Мемлекеті арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комитеттің жетінші отырысы өткізілді. Кездесу ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов пен Катардың халықаралық сауда жөніндегі мемлекеттік министрі, доктор Ахмед бин Мұхаммед әл Сайедтің төрағалығымен жүргізілді.
Отырыс барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалын талқылап, комитеттің тұрақты диалог алаңы ретіндегі тиімді жұмысы үшін ризашылық білдірді. Екі елдің ортақ әлеуетін іске асыру, сауда-экономикалық байланысты нығайту және іскер топ арасындағы әріптестікті дамыту үшін бірлескен күш-жігерді жандандыру қажеттігі атап өтілді.
Отырыста көлік пен логистика мәселесіне айрықша назар аударылды. Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуды стратегиялық бағыт ретінде қарастыруда. 2030 жылға қарай контейнермен тасымалдау көлемін жылына 500 мыңға ұлғайтуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, "Солтүстік – Оңтүстік" халықаралық дәлізін нығайту бойынша шаралар іске асырылуда. Бұл жаңа логистикалық мүмкіндік туғызады. Осы тұрғыда қатысушылар Каспий теңізіндегі порт инфрақұрылымын жаңғыртып, жүк терминалдарын салумен бірге, Орта дәлізді бірлесіп дамытудың маңыздылығын атап өтті. Қазақстандық тарап катарлық инвесторларды аталған жобаларға қатысуға шақырды.
Қазақстан-Катар инвестициялық ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілуде. Еске салсақ, өткен жылы екі мемлекет басшысының бастамасымен ұзақмерзімдік стратегиялық әріптестік туралы үкіметаралық келісімге қол қойылған болатын. Құжат шикізаттан тыс секторда, энергетика, телекоммуникация мен қаржы саласында жалпы сомасы шамамен 20 млрд АҚШ доллары болатын инвестициялық жобаларды іске асыруды көздейді.
Биылдың өзінде айтарлықтай прогресс байқалады: Катардан Қазақстанға тікелей инвестиция көлемі 2024 жылы 2023 жылмен салыстырғанда 18 есеге, яғни $8,9 млн-нан $156,4 млн-ға дейін өскен.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселесі де жан-жақты талқыланды. Қазақстан қазірдің өзінде 80-нен астам елге ауыл шаруашылығы өнімін экспорттауда. Экспорттық әлеуетті одан әрі арттыруға ниетті. Мәселен, тек 2024 жылы Катарға $750 мыңнан аса сомаға қой мен ешкі еті экспортталды.
Тараптар ветеринарлық және санитарлық талап бойынша ақпарат алмасуды жандандырып, сондай-ақ халал әрі органикалық өнім жеткізу бойынша ынтымақтастықты арттыруға келісті. Тараптар екі елдің еркін экономикалық аймақтары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға да мүдделі. Бейінді ведомстволарды, сондай-ақ Қазақстан мен Катардың іскер тобын тәжірибе алмасу, өзара іс-қимылдың келешектегі бағытын айқындау үшін осы алаңдарға баруға шақырды.
Жиын соңында Қазақстан-Катар бірлескен комитетінің жетінші отырысының хаттамасына қол қойылды. Бірлескен комитеттің келесі, сегізінші отырысы Катар мемлекетінің астанасы Дохада өткізіледі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1030040?lang=kk