OCEANMAN-2025 Капшагайда басталды

OCEANMAN-2025 Капшагайда басталды

05.07.2025 14:10:55 198

Конаев қаласындағы Heaven Club демалыс аймағында әлемнің түрлі елдерінен келген жүзушілер қатысқан ірі халықаралық турнир — OCEANMAN Kazakhstan-2025 өз бастауын алды. Биылғы жарысқа Үндістан, БАӘ, Франция, Кувейт, Италия, Ұлыбритания, Германия сынды 18 елден 2000-нан астам спортшы қатысты. Капшагай жағалауында жанкүйерлермен бірге 3000-нан астам адам жиналды.

Салтанатты ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Oceanman халықаралық франшизасының иесі Фермин Эгидо және Қазақстандағы жарыстың ресми ұйымдастырушысы Ералы Оралов қатысты.

«Төртінші жыл қатарынан біздің облыста бұл беделді халықаралық жарыс өтіп жатыр. Мұндай бастамалар бұқаралық спортты дамытуға ғана емес, туризмге де серпін береді. Қатысушылар елімізден керемет әсер алып, қайта оралуға ниетті боларына сенімдімін», — деді Марат Сұлтанғазиев өз құттықтауында.

Жарыстар «Sport Qory» спортты қолдау қорының қолдауымен өтуде. Қатысушылар келесі қашықтықтар бойынша сынға түсуде:

  • OCEANMAN 10 км – 300 қатысушы

  • HALF OCEANMAN 5 км – 400

  • SPRINT 2 км – 800

  • OCEANKIDS (500 м) – 500 бала

  • OCEANTEAM (эстафета 3×500 м) – 90 команда

Жарысқа кәсіби спортшылармен қатар әуесқой жүзушілер де қатысуда. Франшизаның иесі Фермин Эгидоның айтуынша, жеңімпаздар осы жылдың желтоқсанында Дубайда өтетін әлем чемпионатына жолдама алады.

Биылғы жарыстың ерекше сәттерінің бірі — INSPIRATION санатына кіретін ерекше қажеттілігі бар 15 баланың 6 шілдедегі жүзуге қатысуы болды. Әр балаға жеке қамқоршы бекітіліп, арнайы дайындалған спортшылармен бірге жүзді. Қауіпсіздік үшін 22 жүзу құралы, ТЖМ-нің 4 қайығы мен еріктілер жұмылдырылды. Сонымен қатар, қатысушыларға арналған тамақтану және демалу орындары ұйымдастырылған.

«Біз тек жарыс емес, адамдарды біріктіретін, рухты көтеретін және шабыт сыйлайтын атмосфера қалыптастырып келеміз», — деді ұйымдастырушы Ералы Оралов.

Жарыстың алғашқы күнінде 10 және 5 км қашықтықтар өтті. Екінші күні SPRINT, OCEANKIDS және OCEANTEAM дистанциялары ұйымдастырылды. Капшагай су қоймасының жағалауында өтіп жатқан бұл ауқымды шара спорт пен достықтың, табиғат пен адам рухының тамаша мерекесіне айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1030386?lang=kk