Астанада 700-ге жуық ұландық Әскери ант қабылдады
05.07.2025 16:42:34 242
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінде көктемгі шақырылыммен келген жас сарбаздардың ант қабылдау рәсімі өтті. 700-ге жуық ұландықтар Отан алдындағы қасиетті борышын атқаруға салтанатты түрде кірісті.
Елдің әр түкпірінен жиналған олар жауынгерлік дайындық курсынан өтіп, бір сапта туған елінің толыққанды қорғанына айналды.
Жүрек тебірентерлік ерекше күнде 2000-нан астам адам - ата-аналар, туған-туысқандар мен ардагерлер жас сарбаздарға қолдау білдіріп, ортақ қуанышқа куә болды. Сарбаздар үшін бұл - азаматтық өмірге алғашқы үлкен қадам, жауапкершілік пен мақтаныштың белгісі болды.
Сапта тұрған жауынгерлерге ҚР Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков жүрекжарды тілегін арнады:
– Бүгінгі күн - маңызды әрі есте қаларлық сәт. Бүгіннен бастап сіздер қоғамдық тәртіптің сенімді қалқаны боласыздар. Әрдайым тәртіпке берік, рухы мықты, ел қорғауға дайын жауынгер болыңыздар! Командирлеріңіз, ата-аналарыңыз бен бауырларыңыз және барша халық сіздерге зор сенім артады.
Бір жылдың ішінде әскери өмірдің мектебінен өтіп, елге абыройлы азамат ретінде оралады деп сенемін.
Мақтанышпен қызмет етіңіздер! Әр күніңіз сіздерді нағыз Отан қорғаушысы деген мәртебеге жақындата түссін!
Жас сарбаздардың атынан Орал қаласынан шақырылған қатардағы Арслан Мақашев сөз сөйледі:
– Ел астанасында қызмет ету – біз үшін үлкен мақтаныш. Біз қабылдаған анттың салмағын жақсы түсінеміз және әр тапсырманы абыроймен орындауға дайынбыз. Қызметіміз арқылы Отанымыздың тыныштығына өз үлесімізді қосуға тырысамыз.
Әскери ант қабылдау – жас сарбаздар үшін Отан алдындағы жауапкершілікті терең сезінуге жол ашқан маңызды белес болды. Енді олар құқық қорғау органдары қызметкерлерімен бірлесе отырып, елордада қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге кіріседі. Сонымен қатар Астанада өтетін барлық маңызды қоғамдық-саяси, мәдени және спорттық іс-шараларда қауіпсіздікті сақтауға атсалысады.
Анықтама үшін:
ҚР ІІМ Ұлттық ұланы — ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесіне кіретін, жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де заңсыз әрекеттерден қорғауға арналған әскери құрылым.
Ұлттық ұланның жедел бөлімдерінің жеке құрамы еліміздің астанасында және 21 қаласында қоғамдық тәртіпті күзетуді қамтамасыз етеді.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1030407?lang=kk