ҚР Сыртқы істер министрінің Бразилиялық компаниялар басшыларымен кездесуі туралы

ҚР Сыртқы істер министрінің Бразилиялық компаниялар басшыларымен кездесуі туралы

07.07.2025 10:41:53 165

2025 жылғы 6 шілде, Рио-де-Жанейро – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртлеу Бразилияға жұмыс сапары аясында Бразилияның Ұлттық өнеркәсіп конфедерациясы мен елдің жетекші компаниялары – «Embraer», «Tramontina», «Vale», «Marcopolo» және «Amazul» басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Министр Бразилия Ұлттық өнеркәсіп конфедерациясының президенті Рикардо Албан және Конфедерацияның вице-президенті, «Қазақстан–Бразилия» Іскерлік кеңесінің теңтөрағасы Жилберто Порселло Петримен кездесу барысында Қазақстан кәсіпорындарымен ынтымақтастықты кеңейтуге қосқан үлестері үшін алғыс айтып, бразилиялық компанияларды Қазақстанға тарту жөніндегі іс-қимылды жандандыруға шақырды.

 Сонымен қатар, тараптар биыл Қазақстанда өтетін Іскерлік кеңестің төртінші отырысына қатысты пікір алмасты.

Кездесуге қатысқан «Tramontina» компаниясының өкілі Гюнтер Бринкманн жақын арада Алматы қаласында өкілдік ашу жоспары бар екенін хабарлады.

Жолаушылар, әскери және ауыл шаруашылығы ұшақтарын өндіретін «Embraer» ірі компаниясының президенті Франсиско Гомес Нетомен болған келіссөздер барысында компанияның Орталық Азиядағы алдағы жоспарлары мен Қазақстанда әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсететін өңірлік сервис орталығын ашу мүмкіндігі талқыланды.

«Vale» компаниясының вице-президенті Сами Арап және Атқарушы директоры Марсело Сампайомен кездесу барысында «Vale» компаниясының Қазақстан нарығына шығу мүмкіндіктерін зерделеу мақсатында елімізге сапар ұйымдастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

«Marcopolo» компаниясының вице-президенті Мауро Беллинимен келіссөздер барысында Қазақстанда жолаушылар көлігін бірлесіп өндіру перспективалары қаралды.

«Amazul» компаниясының президенті Ньютон де Алмейда Коста Нетомен кездесуде «Amazul» мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰК» арасында ынтымақтастық орнату жөнінде келісімге қол жеткізілді.

Барлық кездесулер барысында негізгі назар бразилиялық инвесторларға ұсынылатын инвестициялық преференциялар мен сауда байланыстарын кеңейту әлеуетіне аударылды.

Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосының басшысы Бразилия бизнесінің Қазақстандағы қатысуын кеңейтуге мемлекеттік қолдау көрсетуге дайын екенін растап, «Қазақстан–Бразилия» Іскерлік кеңесінің жұмысына белсенді қатысуға шақырды.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brazil/press/news/details/1030557?lang=kk