Қазақстан WSIS Prizes 2025 байқауында САК жобасымен жеңіске жетті
08.07.2025 08:02:04 132
Женева, 2025 жылғы 7 шілде – БҰҰ қолдауымен Халықаралық электр байланысы одағы (ITU) ұйымдастырған WSIS+20 іс-шарасының аясында WSIS Prizes 2025 байқауының жеңімпаздары марапатталды. Қазақстан атынан ұсынылған «Ситуациялық-аналитикалық кешен» (САК) жобасы өз номинациясы бойынша үздік деп танылып, жеңімпаз атанды.
САК – бұл Президент Іс басқармасының Инженерлік-техникалық орталығы әзірлеген заманауи цифрлық платформа. Ол мемлекеттік сектордағы мәліметтерді талдау, мониторингтеу және жедел басқару үшін қолданылады. Жүйе еліміздің барлық өңірі бойынша 500-ден астам әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді қамтиды және деректерді нақты уақыт режимінде жинауға, өңдеуге және визуализациялауға мүмкіндік береді.
САК бүгінде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде және Іс басқармасында қолданыста, бұл стратегиялық шешімдерді тиімді және ашық қабылдауға жол ашады.
Бұл – Қазақстанның 2013 жылдан бергі алғашқы жеңісі және елдің технологиялық әлеуетінің халықаралық деңгейде мойындалуының маңызды көрсеткіші. Марапатты Халықаралық электр байланысы одағының Бас хатшысы Дорин Богдан-Мартин ханым мемлекеттер мен халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-wto/press/news/details/1030619?lang=kk