Чжэцзян провинциясы делегациясының сапары: өңірді дамытудағы қазақстан-қытай ғылыми ынтымақтастығының жаңа кезеңі
08.07.2025 19:04:30 143
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында Чжэцзян провинциясының делегациясымен маңызды кездесу өтті. Бұл шара ғылым мен жоғары технологиялар саласындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңіне өтуге жол ашып, «Қытай – Орталық Азия» екінші саммитінің шешімдерін жүзеге асырудағы нақты қадамға айналды. Сонымен қатар, болашақта Еуразиялық ғылыми-технологиялық кластерді құрудың негізі қаланды.
Іс-шараны ҚР ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев ашып, осы кездесудің тарихи мәніне тоқталды:
– Мемлекет басшылары қабылдаған шешімдер аясында қытайлық әріптестерімізді дәл осы кезеңде қарсы алуымыз – үлкен мәртебе. Бұл сапар – ғылым мен инновация тұрақты дамудың қозғаушы күшіне айналатын жаңа ғылыми-технологиялық альянстың бастауы.
Кездесудің негізгі оқиғасы – 1 млрд юань инвестиция көлемімен іске қосылатын Қазақстан-Қытай бірлескен халықаралық зертханасының тұсаукесері болды. Ол кеңістік-уақыттық жасанды интеллект және орнықты даму салаларына бағытталады. Зертхананың басты бағыттары: жасанды интеллект пен геоақпараттық жүйелер; Жерді қашықтықтан зондтау; су және энергетикалық ресурстарды басқару.
Чжэцзян – Қытайдың ең қарқынды дамып келе жатқан провинцияларының бірі. Мұнда цифрлық экономиканың ЖӨӨ-дегі үлесі – 46%, ал ауыл шаруашылығын механикаландыру деңгейі – 80%. Бұл әріптестік Қазақстан үшін: ІТ және робототехника саласындағы заманауи шешімдерге; агросаланы цифрландырудың тиімді модельдеріне; ғылымға негізделген стартаптарға инвестиция тартуға жол ашады.
– Алматы мен Алматы облысы – ынтымақтастық үшін ең қолайлы аймақтар. Мұнда жетекші жоғары оқу орындары, Almaty Hub технопаркі, «Алатау» АЭА орналасқан. Енді осы ортаға біздің бірлескен зертханамыз да қосылып отыр. Келесі кезең – биомедицина, смарт-материалдар мен экожүйелік жасанды интеллект шешімдеріне арналған орталықтар құру, – деді Ақылбек Күрішбаев.
Кеңістік-уақыттық ЖИ халықаралық институты Чжэцзян технологиялық университеті мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің келісімі негізінде құрылды. Жыл сайын қос дипломды бағдарламалар аясында 60 маман даярланады.
«Зертхана – Бизнес – Білім» моделі: зерттеулерді коммерцияландыру қағидатын енгізу; екі ел нарығына қолжетімді шекарааралық стартаптарға қолдау көрсету көзделеді.
Кездесуге Чжэцзян делегациясы – жетекші университеттер, ғылыми орталықтар мен Hikvision, Alibaba Cloud сынды ірі компаниялардың өкілдері қатысты. Қазақстан тарапынан – Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдіктерінің өкілдері, ЖОО ректорлары, академиктер мен инновациялық кәсіпкерлер болды.
– Біздің зертхана – теория мен практиканың арасындағы көпір. Мысалы, ЖИ мен дрон технологиялары Қазақстанда су тасқынының алдын алуда қолданылуда. Ал Алматы облысында ақылды егіншілік жүйелері сынақтан өтуде, – деп атап өтті Геоақпарат институтының деканы Чэнь Си.
Чжэцзян делегациясының сапары адами капиталды, технология мен инфрақұрылымды біріктіруге бағытталған өзара ұмтылысты тағы бір мәрте дәлелдеді. 2025 жылдың соңына дейін: 3 бірлескен ғылыми бағдарлама іске қосу; Қазақстан-Қытай стартаптарына арналған акселератор ашу; жасыл энергетика бойынша жол картасын әзірлеу жоспарланып отыр.
А. Күрішбаев атап өткендей:– Президент Тоқаев жариялаған 2026 жыл – Ғылымды интеграциялау жылы. Біз оны нақты жобалармен қарсы аламыз. Бұл – тек бастамасы ғана.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1031327?lang=kk