Қонаев қаласындағы алдын ала дайындық орталығы – қазақстандық еңбек мигранттарын қолдаудың жаңа алаңы
10.07.2025 10:31:13 473
Алматы облысында шетелде жұмыс істеуді жоспарлап отырған Қазақстан азаматтарын кешенді түрде дайындауға бағытталған Алдын ала дайындық орталығы (Pre-departure Orientation Centre, PDO) өз жұмысын бастады. Жаңа орталық өңірлік Еңбек мобильділігі орталығының базасында құрылды.
Бұл бастама Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) «Орталық Азиядағы еңбек көші-қоны бағдарламасы (1-фаза)» жобасы аясында жүзеге асырылуда. Жобаны қаржыландыруды Швейцарияның даму және ынтымақтастық агенттігі (SDC) қамтамасыз етеді. Сондай-ақ жобаны жүзеге асыруға Алматы облысының әкімдігі мен өңірлік Еңбек мобильділігі орталығы қатысуда.
Орталықтың басты мақсаты – еңбек миграциясына дайындалып жатқан азаматтарға шетелде заңды, қауіпсіз және табысты жұмысқа орналасу үшін қажетті білім мен дағдыларды үйрету. Бағдарлама аясында құқықтық және қаржылық сауаттылық, психологиялық бейімделу, еңбек құқықтарын түсіну, жұмысқа орналасуға өтінім беру тетіктері мен мәдениетаралық коммуникация негіздері қамтылады.
Орталық, сондай-ақ, Ұлыбританиядағы маусымдық жұмыспен қамту сияқты халықаралық бағдарламаларға қатысушыларды қолдауға бағытталған. Осыған орай арнайы оқыту модульдері әзірленуде.
Қонаев қаласында Еңбек мобильділігі орталығының мамандарына арналған оқыту семинары өтті. Семинар жұмысына Ұлыбритания Елшілігінің экономика және климаттың өзгеруі бөлімі жетекшісі Кэти Коттрелл, елшіліктің экономисі Бибігүл Жұмағужина, ХКҰ бағдарламасының ұлттық үйлестірушісі Светлана Бекмамбетова қатысты.
Семинарда қазақстандықтарды маусымдық жұмыс бағдарламасына қалай дайындау, олардың қаржылық сауаттылығын арттыру және шетелге шығу мен жұмысқа орналасу барысында ескерілетін маңызды мәселелер талқыланды.
Бұл Орталықтың құрылуы Қазақстан Республикасының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көрсетілген Ұлттық көші-қон саясатының міндеттерімен үйлеседі. Атап айтқанда, онда азаматтардың құқықтарын шетелде қорғау, шетелдегі қазақстандықтарды мемлекеттік қолдау тетіктерін дамыту, сондай-ақ халықаралық аренада ұлттық мүдделерді ілгерілету маңыздылығы айтылған.
Қонаевтағы орталықтың ашылуы мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық өкілдіктер арасындағы тиімді ынтымақтастықтың жарқын үлгісі болды.
Ашылу салтанатына Алматы облысы әкімінің орынбасары, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Көші-қон комитетінің өкілдері, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылығы, сондай-ақ ХКҰ-ның Қазақстандағы миссия жетекшісі Серхан Актопрак пен ХКҰ-ның еңбек көші-қоны жөніндегі субөңірлік маманы Герелтогтох Ганбат қатысты.
Шара барысында олар бұл жобаның Орталық Азия өңірі үшін маңыздылығын атап өтіп, осындай алаңдардың Қазақстанның басқа да өңірлерінде құрылуы қажеттігін айтты.
Қонаев қаласындағы Алдын ала дайындық орталығы еңбек мигранттарын қолдауға бағытталған инфрақұрылымның маңызды буынына айналып, еңбек көші-қонының қауіпсіз және тұрақты тетігін қалыптастыруға ықпал етпек.
Азаматтарды сапалы даярлықтан өткізу арқылы бұл орталық еңбек миграциясымен байланысты тәуекелдерді азайтуға және қазақстандықтардың халықаралық еңбек нарығына тиімді бейімделуіне септігін тигізеді. Алдағы уақытта оқыту бағдарламаларын кеңейту, жаңа халықаралық серіктестерді тарту және мигранттарды сүйемелдеудің цифрлық құралдарын дамыту жоспарлануда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1032205?lang=kk