ТМҰ елдері туризм саласындағы ынтымақтастықты күшейтуде
10.07.2025 20:41:38 1133Анкара, 2025 жылғы 8-9 шілде – Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымының туризмге жауапты министрлер мен жұмыс тобының отырысы өтті. Іс-шараға мүше елдердің делегациялары мен ТМҰ бақылаушылары, сондай-ақ ұйым Хатшылығының өкілдері қатысты.
Отырыстар шеңберінде туристік саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, оның ішінде экотуризмді ілгерілету, бірлескен туристік маршруттарды қалыптастыру, цифрлық шешімдерді енгізу және бірыңғай туристік кеңістік ретінде ТМҰ өңірін дамыту мәселелері талқыланды.
«Түркі елдерінде туризмді бірлесіп дамыту өзара ілгерілеу, іскерлік байланыстар мен тәжірибе алмасу үшін кең мүмкіндіктер ашады. Бірлескен бастамаларды іске асыру біздің жаһандық туристік нарықтағы ұстанымымызды нығайтып, халықтарымыздың мәдени жақындасуына үлес қосатынына сенімдіміз», - деп атап өтті Қазақстан делегациясының басшысы, ҚР Туризм және Спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.
Іс-шараның қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар мен ТМҰ елдері арасындағы туризм саласындағы одан арғы өзара іс-қимылдың басым бағыттарын көрсететін қорытынды хаттамаға қол қойылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-ankara/press/news/details/1032828?lang=kk