Қазақстан мен Пәкістан арасындағы электронық коммерцияны дамыту: ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері

Қазақстан мен Пәкістан арасындағы электронық коммерцияны дамыту: ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері

11.07.2025 16:46:09 759

Исламабад, 2025 жылғы 10 шілде – Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин электрондық сауданы дамыту мәселелеріне арналған «Global Pakistan Summit 2025» конференциясына қатысты. Іс-шараны Пәкістанның Сауда министрлігі мен Сауданы дамыту агенттігі ұйымдастырды.

Іс-шараға құрметті қонақ ретінде Пәкістан Премьер-Министрінің сауда мәселесі жөніндегі үйлестірушісі, Рана Мырза Ихсан Афзал Хан қатысты.

Конференцияның негізгі қатысушыларының арасында дипломатиялық миссиялардың басшылары, сондай-ақ электрондық сауданы жолға қою және дамыту туралы тиісті құжаттарға қол қойылған Қазақстан, Беларусь, Өзбекстан және Түркияның мемлекеттік және жеке секторының өкілдері болды.

Саммиттегі сөзінде Елші Е.Қыстафин Қазақстандағы қарқынды дамып келе жатқан электрондық коммерция секторы туралы айтып өтті. 2024 жылдың қорытындысы бойынша оның көлемі шамамен 6 млрд. АҚШ долларына жеткен.

Қазақстанда цифрлық шешімдер белсенді түрде енгізіліп, шағын және орта бизнестің онлайн-саудаға қатысуы ынталандырылып, халықаралық платформалармен ынтымақтастық кеңеюде екені атап өтілді.

Елші Қазақстан мен Пәкістан арасындағы электрондық коммерция саласындағы ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттары мен әлеуетті секторлары туралы пікірін бөлісіп, бұл сала өңірлік экономикалық өзара іс-қимылдың негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналып келе жатқанын айтты.

Сондай-ақ, Елші Е.Қыстафин 2024 жылғы 29 сәуірде Исламабад қаласында өткен Қазақстан-Пәкістан үкіметаралық комиссиясының отырысы туралы ақпарат берді. Осы отырыс барысында электрондық коммерция саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, 2025–2027 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша жол картасы қабылданды.

Саммит аясында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі өз таныстырылымын ұсынып, қатысушыларды саланың қазіргі жағдайымен, негізгі көрсеткіштерімен, сондай-ақ электрондық сауданы дамытуға бағытталған бастамалар мен шаралармен таныстырды.

Бұдан бөлек, саммитке Қазақстанның электрондық коммерция саласының өкілдері – «QazTrade», «Қазпошта», «Цифрлық Қазақстан қауымдастығы» және басқалары онлайн форматта қатысты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-islamabad/press/news/details/1033336?lang=kk