Қазақстан Елшісі Грекия Президентіне сенім грамоталарын табыс етті
11.07.2025 17:38:39 748
Афина, 2025 жылғы 10 шілде – Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Султанғожин Грек Республикасының Президенті Константинос Тасуласқа сенім грамоталарын тапсырды.
Рәсім мемлекет басшысының ресми резиденциясы – Афина қаласындағы Президент сарайында өтті. Кездесу барысында тараптар екіжақты қатынастардың жоғары деңгейін атап өтіп, Қазақстан мен Грекия арасындағы саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін білдірді.
Қазақстан Елшісі екі ел арасындағы серіктестікті кеңейту мақсатында биік және жоғары деңгейдегі тұрақты саяси диалог пен өзара сапарлар алмасудың ерекше маңызын атап өтті. Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарына, соның ішінде көлік, логистика, энергетика, туризм, ауыл шаруашылығы және өңдеуші өнеркәсіп салаларындағы бірлескен жобаларға жеке көңіл бөлінді.
Грекия Президенті Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа достық сәлемін жолдап, Елшінің дипломатиялық миссиясын табысты атқаратынына сенім білдірді, сондай-ақ екіжақты қатынастардың барлық спектрі бойынша өзара тиімді байланыстарды кеңейтуге грек тарапының мүдделілігін растады.
Рәсім қорытындысы бойынша тараптар халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға, сондай-ақ Қазақстан мен Грекия халықтары арасындағы достық байланыстар мен екіжақты серіктестікті нығайтуға ниетті екенін қуаттады.
Рәсімге сондай-ақ Грекия Президенті Әкімшілігінің Бас хатшысы Алики Хадзи және Грекия Сыртқы істер министрінің орынбасары Яннис Ловердос қатысты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1033416?lang=kk