Польша Сеймінде Қазақстанмен парламентаралық байланыстарды нығайту жолдары талқыланды
11.07.2025 19:41:25 682
Варшава, 2025 жылғы 9 шілде – Қазақстанның Польшадағы Елшісі Нұрлан Жалғасбаев Польша Сеймінің вице-спикері Дорота Неджелямен кездесу өткізді.
Қазақ дипломат Сейм өкілін екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективалары туралы хабардар етіп, еліміздің Польшамен жан-жақты серіктестікті тереңдетуге бейілді екенін тағы да растады. Саяси байланыстарды нығайтуда парламентаралық диалогты жандандырудың маңыздылығы аталып өтті. Тараптар ынтымақтастықты кеңейту мақсатында парламенттік делегациялардың өзара сапарларын ұйымдастыру жоспарларын талқылады.
Сауда-экономикалық байланыстарды жандандыру мен инвестициялық серіктестікті тереңдету мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Польша ірі бизнесінің Қазақстан экономикасындағы белсенді қатысуы атап өтіліп, екіжақты экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін зор әлеуеттің бар екендігі айтылды.
Кездесу барысында Н. Жалғасбаев ү.ж. маусым айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған, Қазақстан Конституциясының отыз жылдығына орай жарияланған амнистия туралы Заң жөнінде поляк тарапын хабардар етті. Бұл қадамның Қазақстанның әділеттілік, гуманизм және заң үстемдігі қағидаттарын одан әрі нығайтуға ұмтылысын толық айқындайтынын, сондай-ақ ашық әрі құқықтық мемлекетті дамытуға бағытталған әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырудағы Парламенттің конструктивті рөлін көрсететінін жеткізді.
Сондай-ақ Қазақстанда тұратын поляк диаспорасының екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға қосып отырған ерекше көпір ретіндегі рөлі мен халықтар арасындағы дәстүрлі достықты сақтауға қосып отырған үлесі жайлы аталып өтті.
Өз кезегінде, Д. Неджеля Елшіні дипломатиялық миссиясының басталуымен құттықтап, Астананың Польша үшін Орталық Азиядағы негізгі серіктес екенін атап өтті. Вице-спикер Сеймнің сауда-экономикалық және парламенттік ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бастамаларды қолдауға дайын екенін білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-warsaw/press/news/details/1033532?lang=kk