Сауда 8,4%-ға өсіп,тауар айналымы 31 трлн теңгеден асты
15.07.2025 11:31:15 330
2025 жылдың 15 шілдесінде өткен Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев осы жылдың бірінші жартыжылдығындағы сауда саласындағы нәтижелер туралы баяндады. Алты айдың қорытындысы бойынша сауда көлемі 8,4%-ға өсіп, жоспарланған көрсеткіштерден (8%) артты, ал жалпы тауар айналымы 31,4 трлн теңгені құрады. Оның ішінде көтерме сауда 9,2%-ға өсіп, 21,2 трлн теңгеге жетті, ал бөлшек сауда 6,6%-ға өсіп, 10,2 трлн теңгені құрады.
Өсім негізінен көтерме сауданың 45%-дан астамын құрайтын тоғыз негізгі тауар тобы есебінен қамтамасыз етілді. Олардың қатарында мұнай мен мұнай өнімдері, газ, тұрмыстық техника, ұялы телефондар, фармацевтикалық өнімдер, машина жасау, астық және темекі өнімдері бар. Аталған тауарларды жыл соңына дейін өткізудің болжамды көлемі 26,4 трлн теңгені құрайды. Бұл ретте ішкі өндіріс үлесін арттыру арқылы осы көлемді қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінетін болады.
«Жартыжылдың қорытындысы бойынша еліміздің барлық өңірлері оң динамика көрсетті. Сауда өсіміне ең көп үлес қосқан өңірлер – Алматы, Астана, Шымкент қалалары, сондай-ақ Атырау және Қарағанды облыстары. Бұл өңірлердің үлесіне жалпы тауар айналымының 72%-ы тиесілі», – деп атап өтті Арман Шаққалиев.
Сауда өсімі бойынша көшбасшы өңірлер: Түркістан облысы (+69,3%), Ақмола облысы (+45,4%) және Павлодар облысы (+22,3%).
Министрлік сауда саласын үш негізгі бағыт бойынша жүйелі түрде дамытып жатыр. Бірінші бағыт – сауданың заманауи форматтарын дамыту. Ынталандыру тетіктері енгізіліп, заңнамаға өзгерістер енгізілді. Биыл ішкі сауда субъектілерін қолдауға 5,2 млрд теңге қарастырылған. Негізгі капиталға инвестиция тарту белсенді түрде жалғасуда, жоспар – 1 220 млрд теңге. Сауда саласында жалпы сомасы 168,4 млрд теңге болатын 33 нысаннан тұратын Ұлттық инвестициялық жобалар пулы қалыптастырылды. Сонымен қатар бөлшек сауда нарықтарын жаңғырту аяқталуға жақын.
Екінші бағыт – электрондық сауданы дамыту. Жарты жылда e-commerce нарығының көлемі 10%-дан астам өсіп, бөлшек сегментте 1,5 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде 1,3 трлн теңгесі Kaspi.kz, Hayk market, Forte, Jusan, Ozon және Wildberries сияқты алты ірі маркетплейс арқылы қамтамасыз етілді. Екінші жартыжылдықта драйверлер ретінде төрт dark store орталығының іске қосылуы, екі фулфилмент-орталықтың құрылысының аяқталуы және Қазпоштаның мультимодальды логистикалық орталықтар желісін іске асыру басталуы көзделіп отыр.
Сонымен қатар Kaspi мен Қазпоштаның серіктестігі аясында Қазақстан–Қытай бағыты бойынша B2B форматындағы электрондық платформа іске қосылады деп жоспарлануда.
Үшінші бағыт – көлеңкелі сауданы азайту. Министрлік тауарларды каталогтау және қадағалау бойынша шараларды дәйекті түрде жүзеге асырып келеді. Ұлттық тауарлар классификаторы (ОКТРУ) енгізілуде, таңбаланатын тауар позицияларының тізімі кеңеюде. Қаржы министрлігімен және «Қазақтелеком» АҚ-пен бірлесіп НКТ мен ЭКТ ұлттық каталогтарының интеграциясы аяқталуға жақын. Екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, нарықтардағы тауар айналымын цифрландыру мен ақша ағынының ашықтығын арттыруға бағытталған «Digital Bazar» жобасы іске асырылуда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1034558?lang=kk