Мәдениетті дамыту – өңірдің рухани болашағына салынған инвестиция
15.07.2025 16:30:48 264
Қостанай облысы әкімдігінде облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен мемлекеттік мәдениет саясатын жүзеге асыру мәселесіне арналған кеңес өтті. Жиында мәдени игіліктердің қолжетімділігі, инфрақұрылымды дамыту, халық шығармашылығын қолдау және тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелері талқыланды.
Басты басымдық – инфрақұрылымды дамыту
Соңғы үш жылда облыста мәдениет саласына бөлінетін қаражат 71%-ға өсті. 2025 жылы бұл көрсеткіш 18,5 млрд теңгені құрайтын болады. Қаражаттың негізгі бөлігі мәдениет нысандарын салуға, қайта жаңғыртуға және күрделі жөндеуге бағытталған, әсіресе ауылдық елді мекендерде.
Атап айтқанда, соңғы жылдары Үлкен Чураков, Арқа, Пригородное және Ершов ауылдарында жаңа Мәдениет үйлері салынды. Биыл Ұзынкөл ауданына қарасты Троебрат ауылында демалыс орталығының құрылысы аяқталады. Арқалық пен Аманқарағайда күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Тарихи-мәдени мұраны сақтау жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, облыстық тарихи-өлкетану музейі қалпына келтірілуде, ал Міржақып Дулатов пен Шақшақ Жәнібек музейлерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Кітапханаларды жаңғырту және жаңа мәдени кеңістіктер құру
Қазақстан Республикасының Президентінің тапсырмасына сәйкес, Л.Н.Толстой атындағы облыстық кітапхана қазіргі заманғы креативті орталық ретінде қайта форматталады. Мұнда креативті ойлау, цифрлық мәдениет пен болашақ дағдыларын дамытуға арналған алаң құрылатын болады, әсіресе жастарға арналған.
— Қазіргі заманғы кітапхана – бұл тек кітап сақтау орны емес, бұл өсуге, шығармашылыққа және өзін-өзі дамытуға арналған кеңістік, — деп атап өтті Құмар Ақсақалов.
Сонымен қатар, Қостанай қаласындағы бұрынғы ХҚКО ғимараты заманауи өнер галереясына айналмақ. Облыс әкімінің айтуынша, бұл — өнерге қызығушылықты арттырып, жергілікті суретшілерге қолдау көрсететін маңызды қадам. Жаңа галереяда республикалық және халықаралық деңгейдегі жылжымалы көрмелер ұйымдастырылады.
— Қазіргі таңда музей қорында 4 мыңнан астам сурет сақтаулы, бірақ оларды көпшілікке көрсетуге кеңістік жетіспейді. Жаңа галерея осы мәселені шешеді, — деді өңір басшысы.
Халық театрлары және ауылдық жерлердегі шығармашылықты қолдау
Облыс әкімінің бастамасымен өңірдің 16 ауданында халық театрлары құрылды. Бұл – шығармашылықты дамытуға ғана емес, қоғамдағы байланыстарды нығайтуға және дәстүрді сақтауға бағытталған маңызды қадам.
«Карнавал» – жеке ғимаратқа лайық бренд
Облыстық «Карнавал» би ансамблі өңірдің бетке ұстар шығармашылық ұжымына айналды. Ұжымның әрі қарай дамуы үшін жеке ғимарат қажет. Осыған байланысты облыс әкімі мәдениет және экономика басқармаларына тиісті нысанды сатып алу мәселесін қарастыруды тапсырды.
Міржақып Дулатовтың 140 жылдығы – ұлттық деңгейдегі оқиға
Биыл Қостанай облысында ұлттың ұлы перзенті, ағартушы, ақын және жазушы Міржақып Дулатовтың 140 жылдық мерейтойы аталып өтеді. Құмар Ақсақалов барлық іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Облыстық басқармалар мен Жанкелдин ауданына дайындықты сапалы әрі уақытылы жүргізу жүктелді.
Мәдениеттің миссиясы – сақтау және келер ұрпаққа табыстау
— Мәдениет – бұл жай ғана мекеме немесе ғимарат емес. Бұл – ұлттық өзіндік сананың, қоғамдық диалог пен бірліктің негізі. Ол жаңа буынды тәрбиелеуге, креативті ойлауды дамытуға және рухани құндылықтарды нығайтуға ықпал етеді, — деді Құмар Ақсақалов.
Облыс әкімінің айтуынша, мәдени саясатты дамыту – тек рухани байлық емес, сонымен қатар экономикалық өсу факторы: ол туристер мен инвестицияларды тартады, инновацияларды ынталандырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1034847?lang=kk