Қазақстандық студенттер құрамасы Германиядағы Универсиадада бақ сынауда
18.07.2025 08:11:25 737
Дуйсбург, 2025 жылғы 16 шілде – Солтүстік Рейн – Вестфалия федералдық жеріндегі Дуйсбург қаласында 2025 жылғы Рейн-Рур жазғы Универсиадасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ашылу шарасына Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығы қатысты.
Қазақстан делегациясын Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов пен Қазақстан Ұлттық спорт федерациясының Президенті Қайрат Закирьянов бастап барды.
Халықаралық университеттік спорт федерациясы (FISU) Германия үкіметімен және Солтүстік Рейн – Вестфалия билігімен бірлесе ұйымдастырған бұл халықаралық спорт додасы 2025 жылғы 16–27 шілде аралығында Рейн-Рур аймағының бірнеше қаласында өтеді. Универсиадаға әлемнің 150-ден астам елінен 10 мыңнан аса студент-спортшы қатысуда.
Қазақстан Республикасының студенттер құрамасы жеңіл атлетика, дзюдо, жүзу, таэквондо, семсерлесу, садақ ату және үстел теннисі сынды бірқатар спорт түрлері бойынша ел намысын қорғайды.
Ресми іс-шаралар аясында Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы Таубалды Умбетбаев қазақстандық делегацияға қолдау білдіріп, өз сөзінде студент жастардың халықаралық спорт аренасындағы белсенділігінің маңызын атап өтті. Ол мұндай аламандардың екіжақты гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетуге, өзара түсіністік пен ынтымақты нығайтуға, сондай-ақ жаһандық деңгейде спорттық дипломатияны дамытуға зор үлес қосатынын жеткізді.
Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығы алдағы уақытта да шетелдегі қазақстандық жастарды қолдауға басымдық бере отырып, елдің халықаралық беделін арттыруға, мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге және білім, мәдениет мен спорт салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға үлес қосуын жалғастырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-frankfurt/press/news/details/1036521?lang=kk