«Қазақстан-Чили» достық қоғамының төртінші отырысы

«Қазақстан-Чили» достық қоғамының төртінші отырысы

19.07.2025 08:02:51 286

Бразилиа, 2025 жылғы 18 шілде – Домбыра күніне арналған онлайн форматтағы шара аясында «Қазақстан-Чили» достық қоғамының «Ұлы даланың үні – домбыра арқауымен» тақырыбындағы төртінші отырысы өтті.

Іс-шара барысында Қазақстанның Бразилиядағы және Чилиде қоса атқарушы Елшісі Болат Нүсіпов, Латын Американың энергетикалық ұйымы ОLADE-нің Бас хатшысы – Қазақстанның Чилидегі Құрметті консулы Андрес Ребольедо, Қоғамның Атқарушы директоры Марсия Алехандра Кастро Сепульведа, Чили университетінің оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ Достық қоғамының басқа мүшелері де сөз сөйледі.

Қазақстан Елшісі Болат Нүсіпов өз сөзінде елде жүргізіліп жатқан реформалар аясындағы Қазақстанның қазіргі дамуымен, сондай-ақ Қазақстан мен Чили арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарымен таныстырды. Осы тұрғыда биыл Чили Парламентінде Достық тобының құрылғаны және чилилік ME-Elecmetal компаниясының Қазақстанда инвестициялық жұмысын бастағаны атап өтілді.

Қазақстандық дипломат отырыс қатысушыларына екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан белсенді үлестері үшін алғыс білдіріп, мұндай форматтағы кездесулердің екіжақты және көпжақты диалогтың қосымша арнасы ретінде іс жүзіндегі маңыздылығын атап өтті.

Чилилік танымал музыкант Мария Аргентина Муньостың домбырамен орындаған Құрманғазының «Ақжелең» мен «Кісен ашқан» атты әйгілі күйлері, қатысушылардың ерекше ықыласын тудырды. Сондай-ақ Франсиска Каррасконың чилилік ұлттық аспап — чарангоның рөлі, Марсия Алехандра Кастро Сепульведаның қазақтың ұлттық аспабы — домбыраның символизмі және Латын Америкасы елдері жөніндегі сарапшы Ануар Теміровтың Ұлы даланың қазақ халқы үшін маңызы туралы испан тіліндегі мазмұнды баяндамалары тыңдалды.

Мәлім болғандай, 2025 жылғы 19 тамызда Қазақстан мен Чили, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар орнатылуының 32 жылдығын атап өтеді. «Қазақстан-Чили» достық қоғамының келесі бесінші отырысын 2026 жылғы жазда өткізу жоспарлануда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brazil/press/news/details/1037270?lang=kk