Қызылордада үш сотталған рақымшылықпен босатылды

Қызылордада үш сотталған рақымшылықпен босатылды

24.07.2025 18:23:41 1727

Қызылорда облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қауіпсіздігі барынша төмен №37 мекемесінен Конституцияның отыз жылдығына байланысты рақымшылыққа іліккендер қатарында алғашқылардың бірі болып 3 адам бостандыққа шықты.

Сотталғанның бірі – Қылмыстық кодекстің алаяқтық бабымен 1 жылға бас бостандығынан айырылған тұрғын. Ол Қызылорда қалалық №2 сотының қаулысымен мерзімінен 5 ай бұрын рақымшылыққа сәйкес қылмыстық жауаптылықтан босатылды.

– Жасаған қылмысыма өкінемін. Бұл мен үшін үлкен өмірлік сабақ болды. Ендігі мақсатым – отбасыммен қауышып, заң талаптарын бұзбай, жұмысқа орналасу. Сонымен қатар балаларымды дұрыс тәрбиелеуге бар күшімді салғым келеді, - деді ол.

№37 мекеме бастығының орынбасары Нұрлан Мұхтаровтың айтуынша, рақымшылық заңы мекемеде жазасын өтеп жатқан 79 адамға қолданылады. Оның 7-і толық еркіндікке шықса, қалғандарының жазасының мерзімі қысқарады.

– Әзірге 3 адам бостандыққа шықты. Қалғандарының құжаттарын сот қарап жатыр. Рақымшылық заңы аясындағы жұмыстар заң талаптарына сай әрі жүйелі түрде жүргізіледі, - деді Нұрлан Мұхтаров.

Заң аясында Қызылорда облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесінің мекемелерінен 200-ден астам адамға қолданылады.

Бұған дейін біз рақымшылық аясында Солтүстік Қазақстан облысындағы №50 мекемеде жазасын өтеп жатқан алғашқы әйел бостандыққа шыққанын жазғанбыз.

 

https://kaz.inform.kz/news/rakimshilik-kizilorda-turmelernen-200-adam-shigadi-e08918/

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/duiskzl/press/news/details/1040061?lang=kk