Health Invest Forum – 2025: Ашық диалог пен инвестициялық ынтымақтастық алаңы

Health Invest Forum – 2025: Ашық диалог пен инвестициялық ынтымақтастық алаңы

25.07.2025 18:02:39 770

Каскелен қаласындағы SDU университеті базасында Алматы облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Health Invest Forum – 2025 форумы өтті. Аталған шара мемлекеттік сектор, инвесторлар, халықаралық ұйымдар, дипломатиялық корпус пен бизнес-қауымдастық өкілдері арасындағы ашық диалог орнатуға арналған бірегей алаң ретінде танылып, денсаулық сақтау және инвестиция саласындағы жылдың маңызды оқиғасына айналды.

Форум жұмысына Германия, Ресей, Түркия, Үндістан, Қытай сынды сегіз елден келген 160-тан астам делегат қатысты. Форумның негізгі мақсаты – мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) тетіктерін дамыту, өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстыру және өмірлік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру үшін стратегиялық әріптестік орнату арқылы өңірдегі денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту.

Форумның ресми бөлімінде қатысушыларға Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев құттықтау сөз сөйледі. 
Ол өз сөзінде өңір үшін денсаулық сақтау саласын дамыту – халықтың әл-ауқатын арттыру мен тұрақты дамудың негізі болып табылатын басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысының Жолдауында бюджеттен тыс ресурстар тарту және МЖӘ тетіктерін пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылғанын айта келе, бүгінде облыста денсаулық сақтау инфрақұрылымы белсенді жаңғыртылып жатқанын, цифрлық шешімдер енгізіліп, әсіресе ауылдық елді мекендерде медициналық көмектің қолжетімділігі үшін жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ Рустам Исатаев қазіргі бюджет шектеулері жағдайында жекеменшік сектордың қатысуы ерекше маңызды екенін атап өтті. Бұл жобаларды іске асыруды жеделдетуге, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Форум соңында ол Алматы облысы әріптестікке ашық екенін және инвесторларға қолайлы жағдай жасауға дайын екенін айтып, форум барысында бірқатар нақты келісімдерге қол жеткізіліп, ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізі қаланатынына сенім білдірді.

Шараға қатысқан ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов та қатысушыларды құттықтап, Алматы облысының инновациялар мен заманауи тәжірибелер орталығы ретінде фармацевтикалық кластер шоғырланған маңызды аймақ екенін атап өтті. Форумның негізгі бағытын қолдай отырып, ол мемлекеттік органдар, жеке инвесторлар және кәсіби медициналық қауымдастықтың күш біріктіруі – өңірдің медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, медициналық қызметтердің сапасын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және денсаулық сақтау саласын халықаралық деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін айтты.

Форумның презентациялық бөлімі де Рустам Исатаевтың өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстыруымен ашылды. Одан кейін Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов «Өңірдің инвестициялық әлеуеті: басымдықтар мен инфрақұрылым» тақырыбында баяндама жасады.

Шара барысында денсаулық сақтау саласына инвестиция салуға дайын шетелдік және отандық компаниялар өз мүмкіндіктерімен таныстырды. Шетелдік қатысушылар қатарында Түркияның TASYAPI, İlk Construction және Fujifilm, Германияның Integra GmbH, Ресейдің Khan Tengri Biopharma және Үндістанның HSCC компаниялары бар. Ал отандық инвесторлар қатарында TabibMed, A-Class Med, NOVA INVEST, Power Qazaqstan, Интермед Плюс, Philips және EmAI компанияларының өкілдері қатысты.

Форум аясында медициналық мекемелерді салу және жаңғырту, денсаулық сақтауды цифрландыру, фармацевтиканы дамыту, диагностикалық және оңалту қызметтерін кеңейту, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін қолдану сияқты өзекті тақырыптар қозғалды.

Қатысушылар өңірдегі денсаулық сақтау саласын дамытудың басым бағыттарымен, іске асырылып жатқан және жоспарланған жобалармен танысып, сарапшылармен және мемлекеттік органдар өкілдерімен ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік алды.

Форум аясында клиникалар, амбулаториялар мен өзге де медициналық нысандарды салу бойынша он бір жобаны жүзеге асыруға қатысты меморандумдарға қол қою рәсімі өтті.

Health Invest Forum – 2025 Алматы облысының денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту және саланы жаңғырту бағытындағы нақты қадамдарға жол ашқан тиімді әрі нәтижелі диалог алаңы болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1040712?lang=kk