2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап «БЖЗҚ» АҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан босатылады

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап «БЖЗҚ» АҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан босатылады

30.07.2025 15:12:53 935

2025 жылғы 18 шілдеде мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне қол қойды.  Ол БЖЗҚ-дан Қазақстан Республикасының бейрезиденттеріне төленетін зейнетақы төлемдерін қоспағанда,  барлық табыстар, тұрғын үйге/емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) түріндегі кірістерді 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке табыс салығынан (ЖТС) босатуды көздейді.   

Қазір қалай?

Қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін біржолғы зейнетақы төлемдері төлем көзінен 10% мөлшерлеме бойынша жеке табыс салығы (ЖТС) ұсталатын кіріс түріне жатады. Яғни, зейнетақы жарналары жеке зейнетақы шоттарына салық салынғанға дейін аударылады. Ал жеке табыс салығы төлемдер жүзеге асырылған кезде ұсталады. ЖТС ұстау міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптасқан барлық зейнетақы төлемдері түрлері бойынша жиынтық түрде жүргізіледі. Бұл ретте түзетулер мен салықтық шегерімдер ескеріледі.

Тұрғын үйге/емделуге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдаланған кезде ЖТС ұстау да көзделеді. Бұл ретте алушының таңдауына оны ұстап қалудың екі жолы ұсынылады: БЗТ алған кезде бірден немесе зейнетақы алатын кезге дейін кейінге қалдыру.

2026 жылғы 1 қаңтарға дейін БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы және біржолғы зейнетақы төлемдерінен ЖТС есептеу, ұстап қалу және төлеу қолданыстағы тәртіп бойынша жүзеге асырылатын болады.   

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қалай болмақ?

ЖТС зейнетақы төлемдерінің барлық түрлерінен ұсталмайды. Бірақ мұның Қазақстан Республикасының резиденті болып есептелмейтін азаматтарға қатысы жоқ. ЖТС, сондай-ақ, біржолғы зейнетақы төлемдерінен де ұсталмайды.  

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу мақсатында пайдаланылған біржолғы зейнетақы төлемдерінен ұсталуға тиіс, бірақ зейнетке шыққанға дейін кейінге қалдырылған жеке табыс салығы бойынша есептелген міндеттемелер де жойылады. Алайда, бұған дейін бюджетке төленген салықтар қайтарылмайды.

Тағы не өзгереді?

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап өз пайдасына аударылған ерікті зейнетақы жарналары бойынша төлем көзінен салық салынуға жататын табыстан Салық кодексінде белгіленген шектерде қолданылатын салықтық шегерімдер де жойылады.

Бұл ретте жұмыс берушінің Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жұмысшының пайдасына аударған ерікті зейнетақы жарналары жеке тұлғаның табысы болып саналмайды (тиісінше, жеке табыс салығы салынбайды), ал жұмыс беруші үшін бұл шығыстар корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерімге жатқызылады. Яғни бұл жағдайда салықтық жеңілдікті жұмысшы да, жұмыс беруші де пайдалана алады.

Тақырып бойынша бейнетүсініктеме мына сілтемеде қолжетімді: https://youtu.be/BixmYcqHSX0?si=TzwsN484wAgO78el

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-beskaragay/press/news/details/1043209?lang=kk