Қазақстан мен Қырғызстан одақтастық қатынастарды нығайтып, стратегиялық диалогты жалғастыруда
01.08.2025 18:21:26 726Чолпон-Ата, 2025 жылғы 1 шілде – Қырғыз тарапының шақыруымен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қырғызстанға ресми сапармен барды.
Сапар аясында М.Нұртілеуді Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров қабылдады.
Қырғыз басшысы екіжақты форматтағы одақтастық байланыстар мен стратегиялық серіктестіктің тереңдеп келе жатқанын қанағаттанушылықпен атап өтіп, көпжақты алаңдардағы қазақ-қырғыз ынтымақтастығының дәстүрлі жоғары деңгейін ерекше атап өтті.
Кездесу барысында ҚР Сыртқы істер министрі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ізгі тілектері мен сәлемін жеткізді.
Тараптар екі ел арасындағы көпжақты өзара іс-қимылдың қазіргі жай-күйі мен келешегін талқылап, Қазақстанның бауырлас Қырғызстанмен жан-жақты одақтастық қатынастарды одан әрі нығайтуға бейілді екенін растады.
Келешекте Қазақстан Президентінің Қырғызстанға жасайтын ресми сапарына дайындық жұмыстарының негізгі аспектілері талқыланды.
Кездесу соңында Қырғызстан Президенті екі ел арасындағы қарым-қатынастардың жоғары деңгейін оң бағалап, олардың мазмұндық тұрғыда одан әрі дамуына мүдделілік білдірді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1044664?lang=kk