Қоғамдық қорғаушы тергеу изоляторында отырған ұлына тыйым салынған затты бермек болғаны үшін әшкереленді
02.08.2025 11:20:40 627Астаналық тұрғынды зорлады деген күдікке іліккен адамның анасы, яғни қоғамдық қорғаушы, тергеу изоляторында отырған ұлына келуге келген. Кездесу барысында ол ұялы телефонды аяқ киімінің табанына жасырып, оны ұлына беруге тырысқан. Бұл құқықбұзушылық бейнебақылау камералары арқылы тіркелді.
Аталған азаматшаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, материалдар сотқа жолданды.
Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері тарапынан тұрақты түрде ескерту жасалып келе жатқанына қарамастан, азаматтар тыйым салынған заттарды режимдік нысандар аумағына өткізбек болып, заң бұзушылықтарға жол беруді жалғастыруда.
Мәселен, Павлодар қаласындағы тергеу изоляторында қызметкерлер ұялы телефон, қуаттағыш құрылғы мен құлаққапты өткізу әрекетінің жолын кесті. 39 жастағы тергеудегі азаматқа арналған сәлемдемені тексеру кезінде техникалық құрылғылар торттың ішіне жасырып қойылғаны анықталды. Сәлемдеме әкелген Павлодар тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабы бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, іс сотқа жолданды.
Осыған ұқсас оқиға Қызылорда қаласында да тіркелді: сәлемдемені тексеру кезінде қызметкерлер кір сабынның ішіне жасырылған ұялы телефонды тапты.
– Кездесуге келетін барлық азаматтарға тыйым салынған заттарды өткізу әрекеттері үшін жауапкершілік қарастырылғаны түсіндіріледі. Мекемелерде орнатылған рентген-аппараттар арқылы ұялы телефон, есірткі және психотроптық заттарды жылдам анықтауға болады. Барлық азаматтар міндетті түрде тексеріледі, – деді ҚАЖК режим, қадағалау және күзет басқармасының бастығы Берік Байкенов.
Осы жылдың басынан бері ҚАЖ қызметкерлері ұялы телефонды өткізуге бағытталған 346 әрекеттің жолын кесті, 58 литрден астам алкоголь өнімі, 10 килограмнан астам есірткі тәркіленді. Әкімшілік жауапкершілікке 128 азамат тартылды, олардың арасында қоғамдық қорғаушылар мен адвокаттар да бар. Тағы 20-дан астам іс сот қарауында.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ps/press/news/details/1044768?lang=kk