ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА «АБАЙ ӘЛЕМІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ФИНАЛЫ ӨТТІ.
11.08.2025 09:30:42 1958
Шымкентте «Абай әлемі» республикалық байқауының финалдық кезеңі өтті. Ол ұлы ойшылдың әдеби-рухани мұрасын кеңінен насихаттауға, ой-өрісін кеңейтуге, көркем әдебиетке деген қызығушылықты арттыруға бағытталды.
Байқаудың бірінші кезеңі 1 маусым мен 15 шілде аралығында өтіп, оған биыл Қазақстанның барлық облыстарынан 18 бен 35 жас аралығындағы 117 адам қатысып, оның 26-сы финалға шықты.
Мерекелік кеште финалистер Абайдың өлеңдері мен «Өлең сөздерін» мәнерлеп оқып, оның өмірі мен шығармашылығына арналған зерттеулерін ортаға салды. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Абай мұрасының жастардың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастырудағы маңыздылығын атап өтті.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде – 1 миллион теңгені 6506 әскери бөлімінің қызметкері Мәлік Бекжан жеңіп алса, бірінші орын мен 700 мың теңгені Батыс Қазақстан облысынан келген Азат Мыңбаев иеленді.
«Абай әлемі» байқауы Шымкентте үшінші жыл қатарынан өткізіліп, ұлы ойшыл құндылықтарын сақтайтын және дамытатын шығармашыл жастардың жарқын алаңына айналды.