Алматы облысында жалпы су пайдалану ережелері жаңартылады
13.08.2025 17:32:28 1189
Алматы облыстық мәслихатының «Тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, құрылыс және архитектура, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша» тұрақты комиссиясының отырысында облыстық Су ресурстары және ирригация басқармасының басшысы жаңа су пайдалану тәртібі туралы баяндама жасады.
Спикердің айтуынша, 2025 жылғы сәуірде күшіне енген жаңа Су кодексіне, сондай-ақ 2025 жылғы 2 маусымдағы ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық өңірлерінде өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, жаңа жалпы су пайдалану ережелері бекітілуі тиіс.
Алматы облысы үшін әзірленген ережелерде негізгі басымдық халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, азаматтардың су айдындарына еркін қол жеткізуіне және су пайдалану шектеулерінің ашықтығына берілген.
Жалпы су пайдалануда тыйым салынатын қызмет түрлері нақтыланды, соның ішінде: қауіпті орындарда шомылу, көлікті жуу, су айдындарын ластау және экология мен қауіпсіздікке қауіп төндіретін өзге де әрекеттер.
Тұрғындарды ақпараттандыру үшін ресми белгілер орнатылады, шектеулер туралы мәліметтер мемлекеттік органдардың сайттарында және БАҚ-та жарияланады. Сондай-ақ жалпы су пайдаланудың әкімшісі тағайындалады — ол халықты хабардар ету мен тыйым салу белгілерін орнатуды үйлестіреді.
Шомылуға рұқсат берілетін орындар тізімін Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті дайындап, облыс әкімдігінің қаулысымен бекітіледі.
Жаңа ережелерге енгізілген қосымша тармақтар:
Су ресурстары және ирригация басқармасы мен аудан әкімдері аппараттары су айдындарының жағдайы туралы халықты жүйелі түрде хабардар етеді.
Қауіпсіз және тиімді су пайдалану іс-шараларын үйлестіру үшін, сондай-ақ тыйым салу белгілерін орнатуды және шомылуға тыйым салынған орындар туралы ақпаратты ұйымдастыруды қадағалау үшін облыс әкімдігі жалпы су пайдалану бағдарламасының әкімшісін тағайындайды.
Су айдыны жалға немесе сенімгерлік басқаруға берілген жағдайда, жалпы су пайдалануға қолжетімділік жергілікті атқарушы орган белгілеген аумақта, қауіпсіздік, санитарлық нормалар, экологиялық тұрақтылық және өндірістік процестер талаптарына сәйкес қамтамасыз етіледі.
Инвестор өз қаражаты есебінен су айдынының инфрақұрылымын дамытқан жағдайда (жағалауды абаттандыру, балықтандыру, пирс, жолдар салу және т.б.) ол: құрылған инфрақұрылымды пайдаланғаны үшін ақы белгілеуге;
әуесқойлық және спорттық балық аулау үшін ақы белгілеуге құқылы.
2025 жылғы 9 сәуірдегі №178-VIII ҚРЗ Су кодексінің 133-бабы 8-тармағына сәйкес, осы Кодекс күшіне енгенге дейін берілген рұқсаттар мен келісімдер, сондай-ақ соларға негізделген инфрақұрылым элементтері (қоршаулар және басқа да нысандар) мерзімі аяқталғанға дейін өз күшінде қалады.
Баяндамашы жаңа ережелер Алматы облысында су ресурстарын тиімді, қауіпсіз және заңды пайдалану ісін жүйелеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-vod-irrigation/press/news/details/1050487?lang=kk