Астанада шетелдік спортшылар үшін қазақ күресінен шеберлік сыныбы өтті
13.08.2025 19:21:33 438
Елордадағы Qazaqstan спорт кешенінде әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен өтетін I-ші әлем чемпионатына қатысушылар үшін Qazaq kuresi қауымдастығы мастер-класс ұйымдастырды.
Әр түрлі елдердің спортшыларын Қазақ ұлттық күресінің ерекшеліктерімен United World Wrestling (UWW) төрешілік жөніндегі халықаралық нұсқаушысы, қазақ күресі, алыш және панкратион бойынша халықаралық жарыстардың бас төрешісі Эдмар Абдуллаев таныстырды.
Теориялық семинар аясында ол жекпе-жек кезінде туындайтын даулы жайттар туралы айтып, жарыс секунданттарына қандай іс-әрекеттер жасауға құқылы екенін түсіндірді.
Бұдан соң бозкілемде практикалық сабақтар өтті. Атақты қазақстандық спортшы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері капитан Ғұмар Қырғызбаев өз әдістерін ортаға салды.
Жаттығуға CISM штаб-пәтерінің ресми өкілі, CISM дзюдо комитетінің президенті ирандық полковник Реза Бакари де қатысып, итальяндық балуандармен боз кілемде достық кездесулер өткізді.
Құрмет белгісі ретінде ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Армия орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов Иран Ислам Республикасынан келген қонаққа қазақ күресіне арналған вегеn күртешесін сыйлады.
Әртүрлі елдердің әскери қызметшілері арасында ұлттық күрестің осы түріне деген үлкен қызығушылық Астанаға 20-дан астам елдің командасын жинап отыр.
– Қазақ күресінің болашағы зор. Бүгін қазақтың ұлттық күресі CISM-ге әлемдік деңгейдегі спорт түрі ретінде ұсынылатынына көз жеткіздім, – деді полковник Реза Бакари.
Естеріңізге сала кетейік, ерлер мен әйелдер арасында 16 салмақ дәрежесінде әскери қызметшілер арасында жекпе-жек өтеді. Оған Қазақстан атынан ҚР Қорғаныс министрлігі мен ҚР Мемлекеттік күзет қызметі құрамындағы ең мықты балуандар қатысады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1050614?lang=kk