Әулиекөл ауданы: аграрлық және әлеуметтік саладағы жаңа жобалар

Әулиекөл ауданы: аграрлық және әлеуметтік саладағы жаңа жобалар

15.08.2025 08:01:41 292

Қостанай облысының әкімі Ақсақалов Құмар жұмыс сапары аясында Әулиекөл ауданына барып, агроөнеркәсіп кешені, инфрақұрылым және әлеуметтік саладағы негізгі нысандарды аралап, тұрғындармен кездесті.

Жосалы ауылындағы сүт тауарлы фермасы

Жосалы ауылының маңында 1 000 басқа арналған заманауи сүт тауарлы фермасының құрылысы басталады. Кәсіпорын жылына 9 мың тоннадан астам сүт өндіреді және 43 жаңа жұмыс орнын ашады. Алғашқы кезекте – Жосалы ауылының тұрғындары жұмыспен қамтылады.
Жобаның құны — 5,375 млрд теңге, оның 605 млн теңгесі — инвестордың жеке қаражаты, 4,77 млрд теңгесі — «Тобыл» ӘКК АҚ-ның қарызы. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қыркүйегінде басталып, 2026 жылдың қарашасында аяқталады.

Егін жинау науқанына дайындық

«ИНСПЭК» ЖШС алқаптарында облыс әкімі ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті. Егін жинау жұмыстарын ұйымдастыру, мемлекеттік қолдау шаралары және ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту мәселелері талқыланды.
Биыл Қостанай облысының аграрийлеріне 207 млрд теңге бөлінді — бұл 2024 жылмен салыстырғанда 20%-ға көп. Қаражат жеңілдетілген несие, минералды тыңайтқыштарды субсидиялау және техника сатып алуға бағытталды.

Аудан тұрғындарына жаңа баспана

Әулиекөл ауылында бұрынғы жатақхана ғимараты қайта жаңартылып, 24 пәтерлі тұрғын үйге айналуда. Жалпы ауданы — 1 441 шаршы метр. Жұмыстарды «Елорда Инвест Строй» ЖШС өз қаражаты есебінен жүргізуде.
Жоба инженерлік желілерді тартуды, аумақты абаттандыруды, көгалдандыруды және шағын сәулет нысандарын орнатуды қамтиды. Құрылыс аяқталғаннан кейін пәтерлер әлеуметтік осал топтағы отбасыларға беріліп, аудандағы тұрғын үй кезегін 7,2%-ға қысқартуға мүмкіндік береді.

Тұрғындармен ашық диалог

Жұмыс сапары аудан тұрғындарымен кездесумен қорытындыланды. Облыс әкімі сұрақтарға жауап беріп, ауданның даму жоспарларын, инфрақұрылымды салу және жөндеу, ауыл тұрғындарын қолдау шаралары мен инвестиция тарту мәселелерін талқылады.

— «Ауылды дамыту – бұл жаңа жұмыс орындары, заманауи инфрақұрылым және халықтың жайлы өмір сүруі. Барлық жобаларымыздың мақсаты – жастардың ауылда қалуы, тұрғындардың таңдау мүмкіндігі мен болашағына сенімді болуы», — деп атап өтті Ақсақалов Құмар.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1051342?lang=kk