Қазақстан Малайзия бизнесі үшін цифрлық мүмкіндіктері мен инвестициялық әлеуетін ұсынды

Қазақстан Малайзия бизнесі үшін цифрлық мүмкіндіктері мен инвестициялық әлеуетін ұсынды

15.08.2025 15:21:32 188

2025 жылғы 14 тамызда Куала-Лумпур қаласында Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Елшілігі Малайзияның Цифрлық экономикасын дамыту корпорациясы (Malaysia Digital Economy Corporation – MDEC) ұйымдастырған «Kazakhstan Sharing Session» іс-шарасына қатысты.

Сессияға агротехнологиялар, электрондық коммерция, қаржылық инновациялар, экологиялық таза энергетика, денсаулық сақтау, цифрлық және телекоммуникациялық салалар, білім беру шешімдері, сондай-ақ логистика, жабдықтау тізбегін басқару және өңдеу өнеркәсібі бағыттарында қызмет атқаратын 60-тан астам малайзиялық компания өкілдері қатысты.

Іс-шараның ашылуында Елшіліктің дипломаты Әмір Алдажанов қатысушыларға Қазақстанның цифрландыру, жасанды интеллектті дамыту, IT-стартаптарды қолдау, электрондық коммерцияны ілгерілету салаларындағы жетістіктерін таныстырды. Ол сондай-ақ шетелдік инвесторларға арналған салықтық жеңілдіктер, жеңілдетілген реттеу рәсімдері және Орталық Азия мен ЕАЭО-ның қарқынды дамып келе жатқан нарығына қол жеткізу сияқты мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабарлады. Қазақстанның цифрлық трансформация тәжірибесімен бөлісуге және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға малайзиялық компанияларды тартуға дайын екенін атап өтті. Дипломаттың айтуынша, цифрлық экономика мен инновациялар саласындағы Қазақстан-Малайзия ынтымақтастығының әлеуеті жоғары, және қазақстандық тарап малайзиялық бизнестің елдегі белсенді қатысуын құптайды.

Іс-шара барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) іскерлік байланыстар жөніндегі аға менеджері Айдар Жантурин және «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркінің Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Ескендир Амирхан онлайн-баяндама жасады. А. Жантурин АХҚО-ның ағылшын жалпы құқығы нормаларына негізделген халықаралық юрисдикция ретінде шетелдік компанияларға салықтық жеңілдіктер, жоғары деңгейдегі қаржылық қызметтер және Орталық Азиядағы жобаларға инвестиция тарту платформасын ұсынатынын егжей-тегжейлі баяндады. Өз кезегінде, Е. Амирхан Қазақстанды стартаптарға венчурлік қаржыландыруға, акселерациялық бағдарламаларға, жаһандық әріптестіктерге және халықаралық нарықтарға шығуға қолдау көрсететін өңірлік IT-хаб ретінде таныстырды.

АХҚО-ның алғашқы малайзиялық резиденттерінің бірі болған «Rifhan Technologi» және «CSQ Consulting» компанияларының өкілдері Қазақстанда жұмыс істеу тәжірибесімен бөлісті. Олар қазақстандық институттардың шетелдік инвесторларды қолдауға ашықтығын және елдің дамыған іскерлік инфрақұрылымын атап өтті.

Сессия қорытындысы бойынша, малайзиялық компаниялар 2025 жылғы қазан айында MDEC басшылығындағы бизнес-делегация құрамында Қазақстанға сапарлауға шақырылды. Бұл сапар цифрлық технологиялар, инновациялар және тұрақты даму салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту жолындағы маңызды қадам болмақ.

Қазақстанның Малайзиядағы Елшілігі алдағы уақытта да екі елдің іскер топтары арасында тікелей байланыстар орнатуға және сауда, инвестиция және технологиялық алмасуды дамытуға ықпал ететін бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жәрдемдесуге ниетті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kuala-lumpur/press/news/details/1051736?lang=kk