Жаңа оқу жылы – жаңаша форматта
20.08.2025 16:06:18 109
Қарасай ауданында Алматы облысының мектепке дейінгі, жалпы орта және техникалық білім беру саласы мамандарын біріктірген тамыз педагогикалық конференциясы өтті. Биылғы жиын жаңа форматта – панельдік сессиялар түрінде ұйымдастырылды. Конференцияның тақырыбы да ерекше мәнге ие болды: «Білім келешегі: адал азамат – кәсіби маман». Іс-шараны облыстық білім басқармасы ұйымдастырды.
Жиын ауданның үш білім беру нысанында қатар өткізілді: Қаскелең қаласындағы жаңа заманауи мектепте, Шамалған ауылындағы көпсалалы кәсіби колледжде және Қошмамбет ауылындағы мектепте. Әрбір оқу орнында оқушылар мен студенттердің қолөнер және ғылыми жұмыстары қойылған көрмелер ұйымдастырылды.
Қаскелеңде облыстың әртүрлі мектептерінің оқушылары робототехника саласындағы жобаларын ұсынды. Сонымен қатар, 2016 жылы құрылған және білім беру мекемелеріне инновациялық цифрлық шешімдерді енгізумен айналысатын Stem Solutions компаниясының мамандары қатысты. Қазіргі таңда бұл компаниямен ел бойынша 500-ден астам мектеп, соның ішінде Астана, Алматы және Алматы облысының мектептері әріптестік орнатқан.
Конференция жұмысына шамамен 1700 педагог қатысты. Олардың қатарында білім бөлімдерінің басшылары мен әдіскерлері, мектеп директорлары мен орынбасарлары, психологтар, әлеуметтік педагогтар, сондай-ақ балабақша әдіскерлері мен тәрбиешілері бар.
Бағдарлама 16-дан астам панельдік сессияны қамтыды. Алғашқы төртеуі қазақ және орыс тілдерін оқыту мәселелеріне арналса, бесіншісі – шетел тілдеріне, алтыншысы – ұйғыр тіліне арналды. Кейінгі сессияларда математика, физика, химия, биология, тарих, география және информатика пәндері қаралды. Сонымен қатар, бастауыш мектеп, мектепке дейінгі білім және тәрбиелеу, жаһандық құзыреттер тақырыптары талқыланды.
Іле ауданы №51 орта мектептің мұғалімі Айшолпан Адаева «Білім берудегі жаһандық құндылықтар: мектеп тәжірибесі және қазіргі заманғы тәсілдер» тақырыбында баяндама жасады. Еңбекшіқазақ ауданындағы О. Жандосов атындағы орта мектептің директоры Айжан Джамешева «Жаһандық құзыреттерді оқытудың ерекшеліктері» тақырыбында сөз сөйлесе, Конаев қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы №2 мектептің педагогы Ольга Затеева «Жаһандық құзыретті қалыптастырудағы білімнің рөлі» бойынша шеберлік сабағын өткізді.
Спикерлер жаһандық құзыреттердің тек дағды ғана емес, әртүрлі мәдениет өкілдерімен тиімді қарым-қатынас жасауға, көзқарастардың алуан түрлілігін түсініп, құрметтеуге және ұлттық шеңберден тыс мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін білім, құндылықтар мен ұстанымдардың үйлесімі екенін атап өтті. Сонымен бірге, инклюзивті білім беру, ерекше балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету, дефектологтар, логопедтер мен психологтардың рөлі де талқыланды.
«Ауыл мектебі – сапа алаңы», «943 елдің мақсатты мектептері» жобаларының жүзеге асырылуы мен арнайы білім беру ұйымдарының жұмысына айрықша көңіл бөлінді.
Шамалған ауылындағы кәсіби колледж базасында 25-тен 30-ға дейінгі панельдік сессиялар өтті. Облыстық білім басқармасының ТжКБ бөлімінің басшысы Кенжегүл Дюсентаеваның айтуынша, бұл колледж кездейсоқ таңдалмаған. Мұнда түрлі зертханалар мен шеберханалар бар, оқу процесі жақсы жолға қойылған және Satbayev University мен жұмыс берушілермен әріптестік байланыс орнатылған. Бұл сессияларға облыстың 40 колледжінен шамамен 500 өкіл қатысты.
Чунджин политехникалық колледжінің әдіскері Анар Раимова «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында «Қосарланған күн» өткізудің тәжірибесімен бөлісіп, оқу процесіне жасанды интеллект сияқты заманауи технологияларды енгізудің маңызын атап өтті. Арнайы пәндер оқытушысы, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Жанат Қуатбеков колледждегі оқу шеберханаларының жұмысын таныстырды. Мұнда мамандар төрт бағыт бойынша даярланады: автокөлікті техникалық қызмет көрсету және жөндеу, ғимараттар мен құрылыстарды салу, тамақтануды ұйымдастыру және дәнекерлеу ісі.
Қошмамбет ауылындағы мектепте дене тәрбиесі, спорт пен туризм, алғашқы әскери дайындық және технология пәндері бойынша мәселелер қаралды.
Жалпы, конференция жаңа оқу жылына дайындық, педагогтардың біліктілігін арттыру және білім беру процесіндегі жаңа бағыттарды дамытуға арналған маңызды алаңға айналды.
Облыстық білім басқармасының басшысының міндетін атқарушы Ақмарал Атенбекованың айтуынша, 1 қыркүйекте Алматы облысында 362 мыңнан астам оқушы, оның ішінде 135 мыңнан аса бірінші сынып оқушысы мектепке барады. «Біздің басты мақсатымыз – ұстаздардың кәсіби шеберлігін жетілдіру, балаларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру, оларды елінің лайықты азаматтары етіп тәрбиелеу», – деді ол.
Сонымен қатар, жаңа оқу жылына дайындық аясында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қатысуымен тамыз педагогикалық конференциясын өткізу жоспарлануда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1054042?lang=kk