ЦИфрлық ҚАУІПСІЗДІК – УАҚЫТ ТАЛАБЫ
21.08.2025 10:38:13 133
Цифрландыру мен жасанды интеллекттің дамуы қоғамға үлкен мүмкіндіктер ұсынса да, жаңа қауіптер туғызады. Бүгінде адамдар күн сайын дерлік алаяқтық әрекеттермен кездеседі. Сарапшылардың айтуынша, мемлекеттік органдар мен қаржы секторына бағытталған кибершабуылдар саны жыл сайын артып келеді. Шабуыл жасаушылар шабуылдарды автоматтандыру және олардың ауқымын кеңейту үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланады. Сондықтан киберқауіпсіздік мәселелеріне кешенді және жүйелі түрде қарау кезек күттірмейтін қажеттілікке айналды.
Осы және өзге де өзекті мәселелер бүгін Shymkent Hub орталығында өткен «Цифрлық қауіпсіздік және сауаттылық» форумында талқыланды. Шараға IT мамандары, стартап өкілдері, жастар қатысты. Форум барысында қатысушыларға киберқауіптерден қорғаудың заманауи әдістері мен жеке деректерді қорғау мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығы туралы айтылды.
— Бүгінде әрбір азамат банк картасын пайдаланады, онлайн сатып алады, жеке мәліметтерін түрлі қосымшаларға енгізеді. Мұндай жағдайларда негізгі қауіпсіздік ережелерін сақтамау елеулі шығындарға әкелуі мүмкін. Енді адамдар шешімдерді іздеу үшін ChatGPT сияқты чат-боттарға жеке деректерін немесе ұйым құжаттарын жүктеп салатын жағдайлар көбейіп барады. Бұл өте қауіпті. Цифрлық сауаттылықты арттыру тек IT мамандарының ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті, — деп атап өтті хаб тұрғыны Самал Райымжан.
Форумда жас мамандар жасанды интеллект дәуіріндегі жаңа қауіптерге қарсы тұру жолдарын ұсынып, азаматтарды киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейтуге шақырды.