Бішкекте Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мерейтойлық кеш өтті
22.08.2025 11:24:34 167
Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында қазақтың ұлы композиторы, әйгілі күйші және дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Әлқисса» шығармашылық кеші ұйымдастырылды. Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға ресми сапары аясында өтті.
Мерекелік концерт Абдылас Малдыбаев атындағы Қырғыз ұлттық академиялық опера және балет театрында өтті. Шараны Алматы облысы әкімдігі ұйымдастырып, аймақтың жетекші шығармашылық ұжымдары мен белгілі өнерпаздары қырғызстандық көрермендерге өнер көрсетті.
Кешке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Дінзухра Тілендиева құрметті қонақ ретінде қатысты.
Мерекелік концертте «Сазген» және «Құлансаз» ансамбльдері, «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблі, Қазақстанның халық әртісі Секен Тұрысбеков, «Құрмет» орденінің иегері Зарина Алтынбаева, еңбек сіңірген қайраткер Нұркен Әшіров және халықаралық байқаулардың лауреаттары өнер көрсетті. Сонымен қатар қырғызстандық әртістер де Нұрғиса Тілендиевтің туындыларын орындады.
Сүйінбай атындағы филармония директорының орынбасары Алмас Нұғманов атап өткендей, шараға екі ай көлемінде дайындық жүргізілді. Оның айтуынша, қазақтың домбырасы мен қырғыздың комузы сахнада үйлесім тауып, екі халықтың рухани жақындығын айшықтай түсті.
Айта кетейік, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы даталар тізіміне енгізілген. Осыған байланысты мерейтой халықаралық деңгейде кеңінен аталып өтуде. Бұған дейін Алматы облысының ұйымдастыруымен композитордың шығармашылық кеші Бейжің қаласында өткен болатын. Бішкектегі концерт осы мәдени эстафетаның жалғасы ретінде өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1055185?lang=kk