Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанның мемлекет және қоғам қайраткерлерін марапаттады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанның мемлекет және қоғам қайраткерлерін марапаттады

22.08.2025 15:56:39 765

🇰🇿🇰🇬Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достық және одақтастық қарым-қатынастарды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиев 1-дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.

🎖2-дәрежелі «Достық» орденімен Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің VII шақырылымының депутаты Дастанбек Джумабеков, Қырғызстан Президентінің кеңесшісі Арслан Койчиев, қоғам қайраткері Асқар Салымбеков марапатталды.

✔️Қазақстан Президенті өз сөзінде Қырғыз Республикасының көрнекті мемлекеттік қайраткерлері өздерінің адал қызметі мен өз ісіне адалдығы арқылы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға зор үлес қосып отырғанын атап өтті.

– Сіздің күш-жігеріңіздің арқасында саясат, экономика, мәдениет салаларындағы байланыстар нығайып, парламентаралық ынтымақтастық дәйекті түрде кеңейіп келеді. Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы, құрметті Қамшыбек Қыдыршаұлы Ташиевке ерекше алғысымды білдіргім келеді. Қауіпсіздік саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етудің кешенді міндеттерін шешуге қосқан үлесіңіз жоғары бағаға лайық. Бұл жай ғана салтанатты шара емес, Қазақстанның бауырлас қырғыз халқына деген алғысы мен терең құрметінің белгісі. Бүгінгі оқиға халықтарымыздың мәңгілік бауырластығы мен тату көршілік нышаны ретінде қазақ-қырғыз қарым-қатынасының шежіресіне алтын әріптермен жазылатынына сенімдімін. Сіз бұдан былай да өз Отаныңыздың ілгері дамуына ғана емес, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы көпқырлы ынтымақтастықты нығайтуға да елеулі үлес қосатыныңызға сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.