Қостанай облысында XII Азаматтық форум
22.08.2025 16:22:02 68
21 тамызда Қостанайда XII Азаматтық форум өтіп, азаматтық қоғам өкілдері, мемлекеттік органдар, сарапшылар, журналистер мен белсенді тұрғындар бас қосты. Форумның негізгі тақырыбы – елдің дамуына азаматтық белсенділік пен қоғамдық бақылаудың ықпалы болды. Қатысушылар бюджет ашықтығы, ұлттық жобаларды мониторингтеу, адам құқықтарын қорғау және азаматтардың шешім қабылдау үдерістеріне қатысуының жаңа тетіктерін талқылады.
Форум барысында өткен жылы қабылданған «Қоғамдық бақылау туралы» заңның маңызына ерекше назар аударылды. Бұл құжат азаматтарға шешім қабылдау үдерістеріне қатысуға жаңа мүмкіндік беріп, мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты нығайтуға ықпал етеді. Алайда заңның тиімділігі өңірлік бастамалардың белсенділігіне және азаматтық сектор жұмысына тікелей байланысты екені айтылды.
Форумға Қазақстан азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева арнайы келіп, қоғамды шешім қабылдау үдерістеріне тарту тәжірибесімен бөлісті. «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрайымы Ләззат Чинкисбаева өңірде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалар туралы айтты. Олардың қатарында балаларға арналған оңалту орталығын жабдықтау, медициналық мекемелерді заманауи құралдармен қамтамасыз ету, Арқалықтағы «Горняк» мәдениет сарайын қайта жаңғырту және ондаған білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту бар.
Форумда сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың белсенді жұмысы атап өтілді. Қазіргі таңда облыста шамамен 1500-ге жуық ҮЕҰ жұмыс істейді. Соңғы үш жылда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемі 34%-ға өсіп, 2025 жылы 1 млрд теңгеге жетті. «Үміт-Надежда», «Мама Про», «Перекрёсток» сияқты ұйымдар халыққа тікелей көмек көрсетсе, «Регион 10», «Барс», «Дос» еріктілер-құтқарушылар жасақтары төтенше жағдайларда қолғабыс етіп жүр.
Бұдан бөлек, 14 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «ҮЕҰ үйінің» тәжірибесі де назардан тыс қалмады. Бұл орталық әлеуметтік идеялар жәрмеңкесін ұйымдастырып, шағын гранттар арқылы бастамаларды қолдап келеді. Соңғы екі жылда ондаған жоба жүзеге асты: Рудныйда жастарға арналған подкаст-студия, Жангелдин ауданында скверді абаттандыру, Қостанайда инклюзивті спорт залы, сондай-ақ түрлі әлеуметтік стартаптар.
Жастар бастамалары тақырыбы да форумда кеңінен талқыланды. «Тәуелсіздік ұрпағы» байқауы аясында алты жобаға 1 млн теңгеден грант берілсе, тағы үш костанайлық жоба республикалық деңгейде жеңімпаз атанып, әрқайсысы 3 млн теңгеден қаржыландырылды. Инклюзивті эко-жылыжай құруға бағытталған «Өсіп келеміз» жобасы ел бойынша үздік 30 жобаның қатарына енді.
Сонымен қатар қоғамдық кеңестердің қызметі сөз болды. Облыста 21 кеңес жұмыс істейді, олардың құрамының шамамен 17%-ын жастар құрайды. Биыл алғаш рет мәслихат депутаттары кеңестер құрамына кірмей, олардың қоғамға бағытталған сипаты күшейтілді.
Форум қорытындысында сарапшылар азаматтық қоғам институттары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты үлес қосып отырғанын атап өтті. Қостанайлық ҮЕҰ-дың бастамалары қоғамды нығайту мен халықтың өмір сапасын арттырудың жарқын үлгісі ретінде бағаланды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1055498?lang=kk