Қостанай облысында жаңа спорттық кешендер мен қалалық субұрқақтар ашылды

Қостанай облысында жаңа спорттық кешендер мен қалалық субұрқақтар ашылды

24.08.2025 12:22:58 129

Қостанай облысының Рудный қаласында өткен Қала күні мерекесіне орай екі заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені – «Sokol» және «Sarybai», сондай-ақ жаңа қалалық субұрқақтар пайдалануға берілді.

Аталған жобалар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бағдарлама өңір елді мекендерінде көгалдандыру, абаттандыру және заманауи қоғамдық кеңістіктерді қалыптастыруға бағытталған. Бұл бастамалар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және салауатты әрі белсенді ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.

Дене шынықтыру-сауықтыру кешендері 11-шағын ауданда салынды. Жобаның жалпы құны — 1 млрд 266 млн теңге. «Sokol» кешенінің ауданы — 1 536 шаршы метр, «Sarybai» кешенінікі — 1 872 шаршы метр. Әр нысан бір мезетте 470 адамға дейін қабылдауға есептелген. Кешендерде волейбол, мини-футбол, баскетбол, гандбол және күрес секілді спорт түрлеріне арналған залдар қарастырылған. Жоба аясында 23 жаңа жұмыс орны ашылды.

Жаңа нысандардың ашылуы өңірдің спорттық инфрақұрылымын кеңейтіп, бұқаралық спорттың дамуына және тұрғындардың, әсіресе жастардың белсенді демалысына қосымша жағдай жасайды.

Осы күні Рудныйда екі жаңа субұрқақ та іске қосылды: оның бірі жаңа спорттық кешендердің жанында, екіншісі Гагарин мен Ленин көшелерінің қиылысында орналасқан. Субұрқақтардың ашылуы қаланы абаттандыру және қолайлы қалалық ортаны қалыптастыру бағдарламасының бір бөлігі болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1055840?lang=kk