Алматы облысында ұстаздардың тамыз кеңесі өтті
25.08.2025 16:17:23 99
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Ұзынағаш ауылында өткен облыстық білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесінде ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, білім саласындағы басым бағыттарды айқындады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында білім беру сапасын арттыру, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды жетілдіру, ұстаздардың әлеуметтік жағдайын көтеру және кәсіби біліктілігін күшейту басты міндет екенін атап өткен болатын. Облыста бұл тапсырмаларды орындау үшін ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
«Әр балаға сапалы білім мен саналы тәрбие беру ел болашағына салынған ең маңызды инвестиция. Жас ұрпақ тек академиялық біліммен шектелмей, рухани-адамгершілік құндылықтарға, патриотизмге, адалдық пен еңбекқорлыққа тәрбиеленуі тиіс. Адал азамат тәрбиелеу ұлттық тәрбиенің өзегі, кәсіби маман дайындау – сапалы білім берудің көрсеткіші», – деді облыс әкімі.
Биыл Алматы облысының білім саласына 487,4 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жаңа білім нысандарын салуға, педагогтердің әлеуетін арттыруға бағытталуда.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, облыстағы 35 мыңнан астам педагогтің жалақысы екі есеге дейін өсті. Жергілікті бюджеттен жалақы қорына 238,1 млрд теңге қарастырылды. Сонымен қатар, 28 923 мұғалімге біліктілік санаты үшін 34,2 млрд теңге қосымша ақы төленуде.
Әкімнің айтуынша, оқушылар саны жыл сайын 10-12 мыңға артып отырғандықтан, мұғалім тапшылығы мәселесін шешу өзекті. Бұл ретте жыл сайын педагогтердің жалақы қорына қосымша 6 млрд теңге бөлініп келеді. Биыл үздік мамандарды тартуға арнайы 200 млн теңге қарастырылған.
Мектепке дейінгі тәрбие саласы да назардан тыс қалған жоқ. 2025 жылы бұл бағытқа 69,2 млрд теңге бөлінді. Бүгінде өңірде 1168 балабақша жұмыс істейді, оның 997-сі – жекеменшік. Алайда, әкім атап өткендей, тәрбиешілердің біліктілігін арттыру әлі де басты міндеттердің бірі болып отыр.
«Балабақшадағы кадр сапасын көтеру келешектің кепілі. Сондықтан тәрбиешілердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру мен шығармашылық әлеуетін дамыту білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің тұрақты бақылауында болуы тиіс», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Алматы облысында білім саласын дамытуға, ұстаздардың жағдайын жақсартуға және жас ұрпаққа сапалы білім беруге бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасын табуда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1056165?lang=kk